Түрксіб — өңірге жан бітірген магистраль
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан-Сібір теміржолы — бүкіл өңірдің күретамырына айналған ерекше жоба болды. Бұл теміржол тек жүк тасымалдаумен шектелмей, болашаққа жол салудың символына айналды. Соғыс кезінде ол қорғаныс қалқаны болса, бейбіт уақытта еңбек ұясына айналды. Kazinform агенттігінің тілшісі даярлаған материалда Түрксібтің алғашқы жылдардағы өмірі мен оның өңірдегі орны кең көлемде баяндалады.

Теміржолдың алғашқы жылдары: қиындық пен жаңғырту
Түрксібті тұрақты пайдалануы 1931 жылғы 1 қаңтарда басталды. Техникалық тұрғыдан қарағанда, бұл магистраль елдегі негізгі желілерден әлсіздеу болды, себебі оны жедел қарқынмен және жеңілдетілген талаптармен салды. Алайда, болашақта қуатын арттыру мүмкіндігі қарастырылған.
Бастапқы жылдары қуатты локомотивтер жетіспеді. Негізгі жүктерді Нп және Ов сериялы паровоздар көтерді. Ал, 1938 жылдан бастап заманауи СОк сериялы локомотивтермен алмастырылды. Бұл жаңашылдық жүк тасымалының тиімділігін арттырды.
Айналымдағы деполарда жұмыс күшейіп, паровоздарға күтім жасаудың заманауи әдістері енгізілді. Локомотивтер нақты бригадаларға бекітіліп, қызмет көрсету кестесі енгізілді, техникалық жағдайға бақылау күшейтілді. Қызметкерлер енгізген бұл жаңашылдықтар теміржолды сол кезеңде өзгелерден ерекше етіп көрсетті.
Жолаушылар тасымалын оңтайландыру үшін жылдам жүретін Су сериялы паровоздар мен тарту күші жоғары Б сериялы локомотивтер пайда болды.
— 1933 жылға дейін Түрксібте вагон деполары болмаған, тек паровоз деполарына қарасты цехтар жұмыс істеген. Кейінгі алты жылда үш депо мен екі вагон жөндеу пункті салынып, желілік шеберхана ашылды, — дейді Тараз теміржол колледжінің өндірістік оқыту шебері Күлжан Керменбаева.
Ағаш көпірлер мен өңделмеген шпалдар кезең-кезеңмен алмастырылып, 1940 жылға қарай олардың үлесі айтарлықтай төмендеді. Электр станцияларының қуаты 15 есеге артты, байланыс жүйелері жаңартылды.
Жүк тасымалының инфрақұрылымы дамыды. 1940 жылы Түрксібтің кіреберіс жолдарының саны 62-ге жетіп, жүк айналымы 30 есе өсті. Контейнерлеу басталды, жүк өткізу қабілеті артты.
Жүк өткізу қабілетін арттыру үшін сегіз жаңа өткел ашылды. Теміржолда автоматтандырылған жүйелер сенімді түрде енгізіле бастады.
Пойыз қозғалысынан жұмыс істейтін қысқыш стрелкалар пайда бола бастады. 1941 жылға қарай олардың саны 55-ке жетіп, бұл 300-ден астам адамды басқа жұмыс бағыттарына ауыстыруға мүмкіндік берді.
Тасымалдарды басқару жүйесі де жақсарды. Екі диспетчерлік орталық құрылып, бұл паровоздар паркінің басқаруын орталықтандыруға және транзиттік тиімділікті арттыруға септігін тигізді.

Өңірдің дамуына қосқан үлесі
Түрксібтің құрылысы мен пайдалануы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін берді. Жүк ағыны тұрақты өсіп, экспорт көлемі артты. 1939 жылы шығарылған жүк 1932 жылмен салыстырғанда 2,25 есе көбейді.
— 1931-1940 жылдары Түрксіб арқылы өтетін транзиттік тасымалдар көлемі 20 еседен асты. Оңтүстік бағытта Кузбасс көмірі, орман және астық жүк пойыздары жүрді. Кері бағытта мұнай мен басқа да жүктер тасымалданды, — деп атап өтті Күлжан Керменбаева.
1940 жылы «Гудок» газетінде жарияланған жол басшысы М. И. Брехунцтың мақаласында былай делінген:
«Түрксіб өз тарихи міндетін абыроймен орындап, сібір астығы мен орманынан Орта Азияға ең қысқа жол ашты. Он жыл ішінде 150 миллион пұт астық жеткізілді».
Теміржолды пайдалану қызметін 17 мыңнан астам адам қамтамасыз етті, олардың 40%-ы қазақтар болды. Көптеген азамат машинистер, кезекшілер, стрелкалар ретінде қызмет етті.
— 1939 жылға қарай негізгі бөлімшелерде шамамен 7 мың қазақ жұмыс істеді. Теміржол бойында Мамырбай Умаров (Алматы), Қушақ Тәжіпов (Шу), Усман Нормұрзаев (Сарыөзек), Мұхтар Қаптағаев (Матай), диспетчерлер Сұлтан Серғалиұлы (Шу), Григорий Корочкин (Жамбыл) және тағы басқалардың есімдері жақсы танымал болды, — дейді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ Жамбыл бөлімшесінің қарулы және еңбек даңқы мұражайының менеджері Венера Букенова.
Теміржол және Алматының дамуы
1940 жылы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаласында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Жұмабай Шаяхметов Түрксібтің маңызын былай сипаттады:
«Түрксібтің құрылысы мал шаруашылығы, азық-түлік, жеңіл және өзге де өнеркәсіп салаларының дамуын жеделдетті. Қазақстанды КСРО-ның негізгі магистральдарымен байланыстыра отырып, бұл теміржол ұлттық сипат алып, социалистік мәдениеттің өсуіне де ықпал етті».
Тарихшылардың пікірінше, Түркістан–Сібір теміржолы Қазақ КСР астанасы Алматының құрылуы мен дамуына ерекше әсер етті. Теміржол қаланы Мәскеумен тікелей байланыстырып, оның экономикалық және мәдени орталыққа айналуына жол ашты. Құрылыс аяқталған тұста Алматы бар болғаны бір жастағы жас қала болса, санаулы жылда ол өндіріс пен мәдениеттің гүлденген орталығына айналды.
Бұл кезеңде Алматыда азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары дамып, жеміс консервілеу, ұн тарту, ет комбинаттары, макарон фабрикасы, нан зауыты жұмыс істей бастады. Республикадағы ең ірі темекі фабрикасы ашылып, аяқ киім мен тігін салалары дамыды. Алматы кейін республикадағы баспа өнеркәсібінің орталығына айналды — мұның бәріне Түрксіб тікелей себеп болды.
— Екінші дүниежүзілік соғысы басталар тұста теміржолдың пайдалану ұзындығы 2088 км-ге жетті. Осы кезеңде Жамбыл–Қаратау және Көксу–Текелі жаңа желілері салынып жатты, ал станциялық жолдардың жалпы ұзындығы 557 км, — дейді музей менеджері Венера Букенова.

Теміржол құрылымына 7 қозғалыс бөлімі, 8 паровоз депосы, 17 жол дистанциясы және 12 байланыс дистанциясы кірді. Қызмет көрсету 195 станция мен өткелдерде жүзеге асырылды.
Түрксіб Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында
Соғыс басталған кезде Түрксіб Қазақстанның қорғаныс міндеттерін орындауда маңызды рөл атқарды. 1941 жылғы 24 маусымда елдегі барлық темір жолдар әскери жұмыс режиміне ауыстырылды. Бірінші кезекте әскери эшелондарға және қорғаныс өнеркәсібіне арналған жүктерге басымдық берілді. Жолаушылар тасымалы күрт қысқартылды.
Қазақстанға 220-дан астам өнеркәсіп кәсіпорны мен жарты миллионнан аса адам эвакуацияланды. Көмір тасымалы екі есе, металдар төрт есе артты. Фронтқа жеткізілген оқ-дәрілердің оннан тоғызы Қазақстанның қорғасынынан жасалды.
— Тасымалдауда басты рөлді Түрксіб атқарды. Соғыс жылдары 1300-ден астам жедел және 1700 жабдықтау эшелоны жөнелтілді. Жалпы 70 мыңнан астам вагон жұмылдырылды, — дейді музей менеджері Венера Букенова.
Аягөз теміржол бөлімшесінде 2960 эстафеталық пойыздың жартысына жуығы қалыптастырылды. Тасымал үдерісін жеделдету мақсатында жылдам өңдеу әдістері енгізіліп, 18 мыңнан астам пойыздың аялдау уақыты орта есеппен 25 минутқа қысқартылды. Бұл шара елеулі қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді. Ең үздік нәтиже көрсеткен станциялар — Семей, Жарма, Луговой болды.
Бұл станциялар соғыс кезіндегі жүктерді жылдам әрі тиімді қабылдау және жөнелту ісінде ерекше көзге түсті.
— Майдан шебінен келген вагондардың көпшілігі ауыр бомбалаудан соң шатырсыз, қабырғасыз, тек металл қаңқалармен ғана келетін. Мұндай вагондар Жамбылда теміржолшылардың, қаладағы шеберлердің күшімен жедел қалпына келтірілді, — дейді музей менеджері Венера Букенова.
Мерке станциясы қызметкерлерінің бастамасымен жол бойындағы станцияларда 250-ден астам қоғамдық бригада құрылды. Бұл бригадаларға үй шаруасындағы әйелдер, кезекшіліктен бос теміржолшылар, өнеркәсіп орындарының жұмысшылары қатысты. Нәтижесінде, жүк тиеу және түсіру жұмыстары кезінде вагондардың бос тұру уақыты екі есе қысқарды.
Аягөз және Жамбыл бөлімшелерінің диспетчерлері қозғалысты басқарудың озық әдістерін енгізді. Бұл жаңашылдық пойыз қозғалысын тиімді үйлестіріп, жүктің дер кезінде жеткізілуін қамтамасыз етті.
Түрксіб бойында кең ауқымды стахановшылар қозғалысы белсенді дамыды. Теміржолшылар еңбек өнімділігін арттырып, майдан мен тыл арасындағы байланыстың үзілмеуіне қомақты үлес қосты.
Орталықтандырылған жабдықтау жүйесіндегі үзілістерге қарамастан, теміржолшылар жолды, тарту құралдарын және вагон паркін жөндеу мен күтіп ұстау мәселелерін өз күшімен шешіп отырды.
Тіпті қосалқы бөлшектердің қатты тапшылығы кезінде де олар жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, тасымалды тұрақты қамтамасыз етті.

Тылдағы ерлік пен еңбек
Екінші дүниежүзіліке соғыс кезінде Түрксіб теміржолы тылдың сенімді тірегіне айналды. Теміржолшылар тек пойыз жүргізумен шектелмей, қажетті бөлшектер мен құралдарды өздері жасап, жүздеген түрлі бұйым өндірісін игерді.
Қиын-қыстау кезеңде теміржолшылардың мұндай жанқияр еңбегі — майдан мен тыл арасындағы үздіксіз байланыстың негізі болды
Соғыс жылдары Түрксіб теміржолы бойында 240-қа жуық жаңа нысан салынды. Олардың қатарында Алматыдағы электр зауыты мен вагон жөндеу кәсіпорны да бар.
Жөндеу жұмыстары жеделдетілген әдістермен жүзеге асты: жол жөндеушілердің бригадалары, тіпті отбасыларымен бірге, магистраль учаскелерін өз күштерімен қалпына келтірді.
Бұл — тек техникалық емес, нағыз халықтық еңбек ерлігі еді.
Түрксіб майдан маңындағы теміржол магистральдарын да жабдықтады: құрал-жабдықтар, аспаптар, металл, жұмысшылар мен мамандар жөнелтілді.
Тек 1943–1944 жылдары 20 мыңнан астам адам батыс магистральдарын қалпына келтіруге жіберілді. Теміржолшылардың жанқияр еңбегі ескерусіз қалмады. Өз қызметіне адалдық танытқан жүздеген қызметкерлер марапатталды, ал теміржол ұжымы сегіз рет Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Туының иегері болды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 80 жыл бұрын қандай болғанын жазған болатынбыз.