ТҮРКСОЙ: кино өндірісі саласында ынтымақтастық артады
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтауда өтіп жатқан түркі әлемінің халықаралық «Қорқыт ата» кинофестивалі аясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің кинематография саласындағы мемлекеттік ұйымдарымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

Бұл келісімдер — Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) шеңберінде өзара ықпалдастықты дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Негізгі мақсат — ортақ құндылықтар мен тарихи мұраны бейнелейтін киноөнер арқылы түркі елдерінің мәдени бірлігін нығайту.
— Әзербайжан Республикасының Кино агенттігімен жасалған меморандум аясында көркем, деректі және анимациялық фильмдерді бірлесіп түсіру, шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізу, аударма және дубляж саласындағы ынтымақтастықты дамыту көзделген. Халықтар достығы, өзара ықпалдастық пен мәдени байланыстарды сақтау тақырыптарына да назар аударылады, — делінген хабарламада.
Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі жанындағы Кинематография департаментімен жасалған келісім мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған жобаларды қолдауды қарастырады. Тараптар бірлескен киноөндірістер үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ тәжірибе, технологиялар және мамандармен алмасуға уағдаласты.
Түрікменстанның Мемлекеттік комитетіне қарасты Оғыз хан атындағы «Түрікменфильм» бірлестігімен жасалған меморандум бірлескен фильмдер түсіруге және шығармашылық алмасуларға жол ашады. Келісім аясында Ақтау мен Ашхабадтың мәдени байланыстарын арттыруға және түркі халықтарының музыкалық мұрасын дәріптеуге ерекше көңіл бөлінеді.
Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты Бас кино басқармасымен қол қойылған келісім мәдени байланыстарды тереңдетуге және өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған бірлескен киножобаларды жүзеге асыруды қарастырады.
Кинематография саласындағы ынтымақтастық копродукцияларды қолдауды, шығармашылық тәжірибе алмасуды, гуманитарлық байланыстарды нығайтуды және кинотуризмді дамытуға ықпал етуді қамтиды.
Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрлігі жанындағы Кинематография агенттігімен жасалған келісім халықтар арасындағы байланысты арттыруға және мәдени мұраны сақтау бағытындағы жобаларды дамытуға арналды.
Ынтымақтастық аясында Түркістан, Самарқанд және Әмір Темір дәуіріне қатысты тақырыптарға айрықша мән беріледі. Сондай-ақ қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов пен өзбек романының негізін қалаушы Абдулла Қадыри арасындағы рухани байланысты арқау еткен «Памир тауларындай биік» атты көркем-публицистикалық фильм түсіру жайы да жоспарда бар. Бұл туынды екі елдің достығы мен бауырластығын бейнелейді.
Бұған дейін Ұлттық кино орталығы Канн кинофестивалі аясында Франция және Грузияның ұлттық киноорталықтарымен меморандумдарға қол қойған болатын. Сондай-ақ Таиландпен бірлескен «Теңіз итбалықтарының ертегісі» атты деректі фильм түсірілуде. Ал Франция, Нидерланд, Литва және Швециямен копродукцияда түсірілген «Победителей видно на старте» көркем фильмі Швейцарияның Локарно және Оңтүстік Кореяның Пусан халықаралық кинофестивальдерінде көрсетілді.
Айта кетейік, Өзбекстан соңғы 32 жылда алғаш рет ТҮРКСОЙ ұйымына өз өкілін тағайындады.