ТҮРКСОЙ-дың 2027 жылға арналған жоспарына қазақстандық тұлғалардың мерейтойлары енді
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстанның Әндіжан қаласында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің 43-отырысында 2027–2028 жылдарға арналған мәдени бағдарлама бекітілді. Құжатқа қазақстандық өнер және мәдениет қайраткерлерінің мерейтойларына арналған іс-шаралар да енгізілді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.
Іс-шараға Өзбекстанның Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев және ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдері қатысты. Қазақстан атынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров қатысты.
Отырыс барысында Қайрат Қамбаров ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың сәлемін жеткізіп, өзбекстандық әріптестерін «Әндіжан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының табысты аяқталуымен құттықтады. Сонымен бірге ТҮРКСОЙ аясында түркі мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызына тоқталды.
Қазақстанның 2026 жылы жүзеге асырған мәдени жобаларына айрықша назар аударылды. Олардың қатарында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы мен Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай Алматыда өткен «Ата толғауы» концерті және Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына орай Анкарада ұйымдастырылған іс-шаралар бар.
Жиын қорытындысында декларацияға қол қойылып, есептер, алдын ала бюджет және ТҮРКСОЙ ұйымының 2027 жылға арналған жұмыс бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаға композитор Ғазиза Жұбанова, ғалым Болат Сарыбаев және суретші Қанапия Телжановтың 100 жылдығына арналған іс-шаралар өткізу жөніндегі ұсыныстар енгізілді.
Қырғызстанның Талас қаласы 2028 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы болып белгіленді. Сонымен қатар 2027 жыл Шолпан жылы, ал 2028 жыл Шыңғыс Айтматов жылы болып жарияланды.
ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің кезекті 44-отырысы 2027 жылдың төртінші тоқсанында Түркияда өтеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы ТҮРКСОЙ көлемінде аталып өткен болатын.