ТҮРКСОЙ-ға 2019 жылды Әбіш Кекілбаевтың мерейтойына арнау ұсынылды
«ТҮРКІСОЙ деген үлкен ұйым бар, соған үлкен ұсыныс енгізген едік. Яғни, 2019 жылды Әбіш ағамыздың жылы деп жариялау жөнінде ұсыныс жолдадық. Онда Дүйсен Қасейінұлы деген азамат бар. Ол жақтан үлкен қолдау табылып жатыр. Бұл үлкен іс-шараның бірі ғана. Сонымен қатар Әбіш аға атындағы үлкен рухани орталық салуды қолға алдық», - деді Маңғыстау әкімі.
Оның айтуынша, орталық құрылысы ағымдағы жылы басталып, келер жылы толығымен аяқталатын болады.
«Оның ішінде Әбіш ағаның музейі болады, арнайы ескерткіші орнатылады. Ескерткіш Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалуда. Оны болашақта өздеріңіз көресіздер. Мұнан бөлек, «Әбіш оқулары» байқауы басталып кетті. Келесі жылы оны халықаралық деңгейде өткіземіз. Әбіш ағамыз туған Оңды ауылына оның есімін беру туралы ұсыныс жасалды. Оның толық қолдау табатынына сенімдімін. Болашақта «Әбіш әлемі» атындағы халықаралық театрлар фестивалін де өткіземіз. Бұл тек бастамасы ғана, қалған ақпараттарды алдағы уақытта БАҚ беттерінен көрерсіздер», - деді Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ өңір басшысы қаламгердің 25 томдық шығармалар жинағы шығарылып, Әбіш Кекілбаевқа арналған энциклопедия 5 мың данамен жарық көретіндігін айтты.
Айта кетейік, шара барысында Ералы Тоғжанов кітап қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілінде 1 мың данамен жарық көрген «Маңғыстау аңыздары» атты кітапты таныстырды.
Сонымен қатар ол 2025 жылы әрбір маңғыстаулықты 30 шаршы метр баспанамен қамтамасыз етуге уәде берді.