ТҮРКСОЙ және ЮНЕСКО: Ықпалдастықтан - терең ынтымақтастыққа

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен Өкілетті Елшілердің 5 қаңтарда өткен 7-ші конференциясына қатысқан ЮНЕСКО Бас директоры Ирина Бокова Түркияға алғашқы рет жасаған ресми сапарының аясында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтеріне келді.
None
None

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының атқарып отырған жұмыстарымен жете танысқан Ирина Бокова бұл ұйыммен 20 жылдан астам уақыт ішінде көптеген іс-шараларды бірлесе атқарғандығын және ТҮРКСОЙ-дың жұмыстарына үнемі қолдау көрсететіндігін жеткізді.

«Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен ЮНЕСКО мәдениет және өнер саласында бір бағытта қызмет атқарып келеді. Өйткені мәдениет - адам табиғатындағы ең үлкен байлық. Әлемдегі биологиялық әртүрліліктің орны қандай болса, адамзат ішіндегі әралуандық та сондай. Мәдени мұра мен мәдени құндылықтардың әралуандығы әлемдік бейбітшіліктің орнығуына сүбелі үлес қосатыны сөзсіз. Түркі әлемі - мәдени мұраға бай дүние. Осы тұста түркі әлеміндегі жетістіктер Қазақстан мемлекетінің бастамасымен ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы жариялаған Халықаралық мәдениеттер жақындасуының он жылдығы рухымен астасып жатқандығын айрықша айтуымыз керек. Алдағы жылы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ арасындағы ынтымақтастығының 20 жылдығы. Сондықтан ЮНЕСКО жалғыз емес, оның ТҮРКСОЙ сынды қолдаушысы бар,» - дей келе ЮНЕСКО Бас директоры ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке алғыс айтып, екі беделді ұйымның өзара ықпалдастығына мән берді.

Дүйсен Қасейінов 1996 жылдан бері ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ арасындағы ынтымақтастықтың күн өткен сайын күшейіп отырғандығын және ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген іс-шаралардың жоғары деңгейде өткендігін сөз етті. «Бүгінгі ТҮРКСОЙ штаб-пәтеріндегі кездесу тарихи оқиға екені сөзсіз. Ал сізге шақыруымызды қабыл алып, түркі дүниесінің қарашаңырағына айналған ТҮРКСОЙ-ға келіп қолдау білдіргеніңіз үшін алғысымыз шексіз. ТҮРКСОЙ БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы жариялаған Халықаралық мәдениеттер жақындасуының он жылдығы жобасын қолдап отырады. Осы тұрғыдан келгенде, ЮНЕСКО-ның 70 жылдық мерейтойы қарсанында түркі дүниесінде және бүкіл әлемде бейбіт өмір сүру мәдениетінің күшеюіне қомақты үлес қосуды жалғастыра береміз. Бұл ынтымақтастық түркітілдес халықтардың мәдени мұрасының сақталуы үшін ғана емес, адамзаттық және ғаламдық мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосады. Сонымен қатар, соңғы кезеңде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Наурыз мерекелік концерті, ТҮРКСОЙ-дың 20 жылдық мерейтойы, «Бейбітшілік үшін балалар» атты сурет көрмесі сынды айтулы шараларды ұйымдастырдық. ЮНЕСКО-ның Бас директоры түркі дүниесінде өткен бірқатар шараларымызға өзі қатысып, қолдау көрсетті. Бұдан кейін де бірлесе атқаратын шараларымыз аз емес. Биылғы жылдың наурыз айында ЮНЕСКО-ның 70 жылдығы қарсаңында Наурыз мерекелік концерті және сәуір айында Қорқыт ата тақырыбына арналған симпозиум мен дәстүрлі-фольклорлық концерт ұйымдастырамыз,» - деді өз сөзінде ТҮРКСОЙ Бас хатшысы.

Соңғы жаңалықтар