Түркістан – ақылды технологиямен дамып келе жатқан қала
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан қаласы соңғы жылдары тек мәдени-рухани ғана емес, сонымен қатар технологиялық тұрғыдан да жаңарып, заманауи бағытта дамып келеді.

Түркістан – ежелден руханияттың, тарих пен мәдениеттің алтын ордасы болса, бүгінде ол жаңа тыныс, тың серпін алып, болашақтың қаласына айналып келеді. «Ақылды қала» концепциясы тек заманауи гаджеттер мен сымсыз желілерді енгізуді емес, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, қауіпсіздік пен үнемділікті қамтамасыз ету, қызметтердің қолжетімділігін арттыру және ашықтықты күшейтуді мақсат етеді. Сол себепті қаланың барлық даму жобалары осы қағидаларға негізделіп жүргізіліп келеді.
«Smart City» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында бірқатар инновациялық жобалар қолға алынып, ақылды инфрақұрылым кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қызмет көрсету саласын оңтайландыру мақсатында Түркістан қаласы әкімдігі жаңа басқару жүйесін енгізіп отыр.
Алғашқы бастамалардың бірі ретінде қала аумағында ақылды аялдамалар орнату жобасының қолға алынғанын айталық. Бұл бағытта жеке кәсіпкерлермен әріптестік орнатылып, қазіргі таңда жер теліміне мемлекеттік акт алу үшін қажетті құжаттар рәсімделу үстінде. Жобаның толық жүзеге асуы үшін сенімгерлік басқару шарты бекітіліп, құрылыс жұмыстары басталатын болады.
Орнатылатын ақылды аялдамалар Wi-Fi желісімен, салқындатқыш құрылғылармен, бейнебақылау камераларымен, электронды құрылғыларды қуаттағышпен, жоғары жылдамдықты оптикакалық интернетпен және қуат көздерімен қамтамасыз етіледі. Бұл тек қоғамдық көлікті күту жайлылығын арттырып қана қоймай, қаланың цифрлық келбетін айқындай түспек.
– Қазіргі таңда «Ақылды жарықтандыру» жобасы дайындық үстінде. Бұл жоба Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы бойынша қолға алынған. Жоспар бойынша 2025 жылдың соңына дейін қала көшелеріне энергияны үнемдейтін, қозғалысқа сезімтал шамдар орнатылады. Мұндай технология жарықты тек қажет кезде жағып, энергияны тиімді пайдалануға, сондай-ақ қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғын үйлерге «ақылды есептегіштер» орнату қолға алынуда. Қазір 20 жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, олардың барлығында су, газ, электр энергиясын дәл есептейтін заманауи құрылғылар қарастырылған. Сондай-ақ, бұрыннан бар үйлерге де есептегіштерді орнату немесе жаңарту мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұйыртса, мұндай жаңашылдық ресурстарды тиімді тұтынуға, тұрғындар арасында төлемдерге байланысты даулы жағдайларды азайтуға ықпал етеді, - деді Түркістан қаласы әкімінің аппарат басшысы Қуаныш Әлібеков.
Қалалық қызметтерді цифрландыру бағытында да бірқатар жетістіктер бар. Жыл басынан бері "E-Otinish" жүйесі арқылы 2971 өтініш келіп түсіп, оның 2512-сі орындалған, 385 өтініш мазмұнына байланысты басқа мекемелерге жолданса, 74 өтініш қазіргі уақытта орындалу үстінде. Азаматтарды қабылдау орталығы арқылы 25 мыңнан астам қызмет көрсетіліп, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» арқылы 955 қызмет ұсынылған. Сонымен қатар, әкімдік бөлімдері жалпы 30 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде 11 304 қызмет «Egov» порталы арқылы жүзеге асырылды.
IT-технологияларды қолдану мен кибер қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қала әкімдігіне қарасты бірнеше мекемеде СКУД (кіруді бақылау және басқару) жүйесі енгізілген. Бұл технология мекемелерге бөгде тұлғалардың кіруін шектеуге, қызметкерлердің қозғалысын бақылауға және қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік бойынша тұрақты ішкі тексерулер жүргізіліп отырады. Барлық құрылымдық бөлімшелер заманауи антивирустық бағдарламалармен жабдықталып, кибершабуылдарға қарсы қорғаныс жүйелері күшейтілген.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында да цифрлық жаңғыру қарқынды жүруде. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты барлық құрылымдарда «Egov.kz» порталы, «E-otinish», «Documentolog», «E-qyzmet», «Е-лицензиялау», «е-Собес» және басқа да электрондық платформалар арқылы қызмет көрсету жүйелі түрде жолға қойылған. Бұл цифрлық жүйелер құжат айналымын жеңілдетіп, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласында геоақпараттық портал іске қосылып, қаланың инфрақұрылымы мен жер телімдері жайлы маңызды деректер интерактивті карта арқылы визуалды түрде ұсынылуда. Бұл платформа қала құрылысы, инвестициялық жобалар және инфрақұрылымды жоспарлау үшін өте тиімді құрал саналады. Көлік қозғалысын басқару бойынша да маңызды жоба қолға алынған. Қала көшелеріндегі бағдаршамдардың сигнал беру уақыты жайлы жүргізушілерге алдын ала хабар беру жүйесі енгізілмек. Бұл көлік ағынын бірқалыпты етуге, қажетсіз кідірістер мен кептелістерді азайтуға бағытталған.
– Бұл бағытта біз ауқымды жоба – интеллектуалды көлік жүйесін (ITS) енгізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда «Яндекс» компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. ITS жүйесі бағдаршамдардың жұмысын көлік ағынына бейімдеп, жүргізушілерге алдын ала ақпарат беруге мүмкіндік қарастырады. Мұның өз кезегінде жол кептелістерін азайтып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыратын заманауи шешім болары сөзсіз. Сондай-ақ, V2X технологиясы арқылы көліктер мен инфрақұрылым арасында нақты уақытта ақпарат алмасу жүйесі енгізілмек. Мұндай жүйелер ірі мегаполистерде сәтті қолданылып келеді, енді біз оны Түркістанда енгізуге ниеттіміз.- деді Түркістан қаласы әкімінің аппарат басшысы Қуаныш Әлібеков.
Жалпы алғанда бүгінде Түркістан қаласында технологиялық даму мен цифрлық трансформация бағытында қарқынды қадамдар жасап отыр. Жүзеге асып жатқан және жоспарланған жобалар қаланың инфрақұрылымын ғана емес, жалпы қоғамдық өмірін де жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді. Ақылды шешімдер мен инновациялық технологиялардың үйлесімі Түркістанды келешекте еліміздегі озық «Smart City» үлгісіне айналдырады деп сенеміз.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан халықаралық әуежайын дамыту мақсатында облыстық әкімдік биылғы жылдың соңына дейін әуежайды сенімгерлік басқаруға беруді жоспарлап отырғанын жазған болатынбыз.