Түркістан - ажырасу деңгейі ең төмен өңір
АСТАНА. KAZINFORM — Ажырасу бойынша елімізде Шығыс Қазақстан облысы көш бастады. Мұнда 1000 адамға шаққанда ажырасу коэффициенті 3,12-ге жеткен.

— Жұптардың ажырасуына әртүрлі себептер әсер етеді. Біз бұл мәселені әлеуметтанулық зерттеулер арқылы талдаймыз. 2023 жылы осы тақырыпта арнайы әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Анкетада отбасылық өмірге қатысты түрлі сұрақтар қойдық. Нәтижесінде ең басты себеп — қаржылық қиындықтар екені анықталды. Екінші орында — ұстанымдардың өзгеруі, бірге тұру мәдениетінің қиындығы, отбасы мүшелерімен келіспеушілік. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық себептер ішімдікке салыну, құмар ойындарға жетелейтін фактор екені белгілі болды, — дейді отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сарапшысы Ақнұр Иманқұл «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Соңғы статистика бойынша еліміздегі ажырасқандар саны 40,5 мыңға жеткен. Олардың 74,4%-ы қалалық жерде тұратындар.
— Соңғы статистикаға сүйенсек, ажырасу көрсеткіші төмендеп келеді. Мысалы, 2019 жылы ажырасу коэффициенті 3,23 болса, 2023 жылы ол 2,01-ге дейін төмендеді. Бірақ некеге тұру көрсеткіші де азайды. Мұны қазір отбасын құратын жасқа жеткендердің санымен түсіндіруге болады. Елімізде 90-жылдардан кейін туу деңгейі төмендеген. Жастардың жаңа ұстанымдары да әсер етіп жатыр, — дейді студия қонағы.
Ажырасудың ең төменгі деңгейі Түркістан облысында. Ондағы отбасылардың екіге айырылуы 1000 адамға шаққанда 0,90 коэффициентін көрсеткен.
— Зерттеу барысында жастардан «сіз үшін ең басты құндылық не?» деп сұрадық. Нәтижеге сәйкес, отбасы — жастар үшін әлі де ең маңызды құндылық. Әлеуметтік медианың отбасындағы кикілжіңге де ықпалы бар. Бірақ ол аса үлкен фактор емес. Дегенмен, кеңейтілген отбасыларды зерттеу кезінде әлеуметтік желіге байланысты коммуникацияның азайып бара жатқаны байқалды. «Бізбен аз сөйлеседі» немесе «ерлі-зайыптылар телефонды көп пайдаланады» деген жауаптар айтылды, — дейді отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сарапшысы.
Әлеуметтік сарапшы жастардың отбасылық білімін арттыру керектігін де жеткізді.
— 2024 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Астана мен Шымкентте некеге тұруға өтініш берген жастар арасында отбасына дайындық бойынша пилоттық жоба өтті. 32 қатысушы қамтылды. Нәтижесінде жастарды отбасылық өмірге дайындау көбірек жүргізілуі керек деген қорытындыға келдік. Жас жұптарға заңнама, қаржылық сауаттылық, репродуктивті денсаулық, цифрлық сауаттылық бойынша білім беру қажет. Бұл бағыттағы курс, семинар, тренингтерді жалғастыру ұсынылды. Қазір осы ұсыныстар қарастырылып жатыр, — дейді Ақнұр Иманқұл.
Айта кетейік, Президент қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады.