Түркістан қаласында құрбандық малын қай жерде союға болады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Құрбан айт мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында мал союға арналған арнайы орын белгіленді.

Шымкентте Құрбан айт мерекесіне орай мал союға арналған ресми орындар белгіленді
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Түркістандықтар Сауран ауданының Қарашық елді мекенінде орналасқан «Нұр-Әсем» мал сою пунктінде құрбандық малын соя алады. Бұл нысан мал базары аумағында орналасқан және ветеринариялық-санитариялық нормаларға толық сәйкес келеді. Мал сою қызметін қасапшылар атқарады.

Аталған шара тұрғындар тарапынан құрбандық шалу рәсімін ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін қолға алынды.

Ал, тұрғындар тарапынан құрбандық малы үй жағдайында сойылатын болса, оның ауру белгілерінің жоқтығын ветеринариялық мамандар тексеруі қажет. Осы мақсатта қала аумағы 6 секторға бөлінген. Әр секторға жауапты ветеринар мамандар бекітілген.

Түркістан қаласының ветеринариялық қызметі тұрғындарды бекітілген тәртіпке сай әрекет етуге, санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтауға шақырады.

Сондай-ақ, үй жағдайында сойылған малдың биологиялық қалдықтарын арнайы мал өлекселерін көметін шұңқырға залалсыздандыру мал иесінің жауапкершілігімен ұйымдастырылатынын ескертеді.

- Жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз сатуға тыйым салынады. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылады, - делінген Түркістан қаласы аумақтық инспекциясы таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте Құрбан айт мерекесіне орай мал союға арналған ресми орындар белгіленін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар