Түркістанда мектептер мен колледждер уақытша қашықтан оқытуға көшті
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қаласындағы бірқатар білім беру ұйымы екі күнге қашықтан оқыту жүйесіне ауыстырылды.
15 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді.
Осыған орай білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қала аумағында енгізілетін уақытша қозғалыс шектеулерін ескере отырып, 14-15 мамыр күндері бірқатар білім беру ұйымы онлайн форматта оқытылады.
– Түркістан қаласындағы 8 колледж бен барлық орта білім беру ұйымы (38 мемлекеттік және 44 жекеменшік мектеп) қашықтан оқыту жүйесіне көшірілді. Сондай-ақ «Жаңа қала» мен «Отырар» шағынауданында орналасқан 5 балабақша тәрбиеленушілері уақытша демалысқа жіберілді, - деп хабарлады облыстық білім басқармасы.
Ведомство қашықтан оқыту процесін тиімді ұйымдастыру үшін қажетті дайындық жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Барлық білім беру ұйымына сабақтарды бекітілген кестеге сәйкес онлайн форматта өткізу жөнінде нақты тапсырмалар берілген. Сонымен қатар ата-аналарға алдын ала ескерту жасалып, ресми хабарламалар жолданған.
Бұдан бұрын Түркістанда бірқатар көшеде көлік қозғалысы уақытша шектелетінін жазған едік.