Түркістан қаласының жаңа бөлігінде қарсақ жүр

Жергілікті тұрғындар қала ішінде жүрген түлкіге ұқсас қос аңды суретке түсіріп алды, деп хабарлайды Kazinform.

түлкі
Фото: Видеодан кадр

Әлеуметтік желіде Түркістан қаласының орталығында жүрген аңның видеосы тарады. Жаңа қала аумағындағы көп қабатты үйлердің маңында түлкіге ұқсас қос аңды жергілікті тұрғындар видеоға түсіріп алған.

Ал, «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкері Ғани Назарбек қала орталығында жүрген қос аңның қарсақ екендігін айтты.

«Олар түлкі емес, қарсақтар. Бұрын жаңа қала салынбай тұрған сәтте ол жер қарсақтардың мекен ету айлағы болған. Ал, қазір жаңа қаланың салынғанына 5 жылдың жүзі болды. Оған дейін қарсақтар сол жерді мекен еткен. Әлі күнге дейін сол маңда олардың індері бар. Яғни, көне заманнан келе жатқан тұрақты мекендері. Сондықтан, біз оларға таң қалмауымыз керек, қайта олар «мыналар қайдан пайда болды» деп бізге таңғалып жүр ғой», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар