Түркістан мектептеріне «ақылды» жүйе енгізіліп жатыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Тың жоба алғаш болып №28 мектеп-лицейінде іске асты. 

Түркістан мектептеріне «ақылды» жүйе енгізіліп жатыр
Фото: Түркістан облысы білім басқармасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында:

«Білім беру саласында цифрлық технологияны тиімді пайдалану – балалардың сапалы білім алуына кепілдік береді. Мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен есептілік принциптері мектептерде де орнығуы тиіс», - деп атап өткен болатын.

Президенттің бұл тапсырмасы еліміздегі білім беру жүйесін әділетті қоғам қағидаттарына бейімдеуді көздейді. Осы орайда Түркістан қаласындағы мектептерге енгізіліп жатқан цифрлық бастамалар Жолдауда жүктелген міндеттерді жергілікті деңгейде жүзеге асырудың нақты көрінісіне айналды. 

Бүгінде Түркістан қаласында оқушылардың қауіпсіздігін, мектептегі тәртіпті және ашық есептілікті қамтамасыз ету мақсатында «Алақан-асхана» және «Алақан-кітапхана» биометриялық аутентификация жүйесі енгізіліп жатыр. Жоба алғаш болып №28 мектеп-лицейінде пилоттық режимде жүзеге асырылды. Бұл – цифрлық трансформацияны білім беру саласына тиімді бейімдеудің бір үлгісі. 

Түркістан мектептеріне «ақылды» жүйе енгізіліп жатыр
Фото: Түркістан облысы білім басқармасы

«Алақан» жобасы оқушының алақаны арқылы оның жеке басын нақты сәйкестендіріп, мектепке кіру және шығу уақытын автоматты түрде тіркейді. Мұндай жүйе арқылы ата-аналар балаларының мектепке нақты уақытта барғанын немесе шыққанын мобильді қосымша арқылы бақылай алады. Бұл – ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайтып, сенім мен жауапкершілікті күшейтетін тетік.

Сонымен қатар жоба аясында бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санатқа жататын балаларға арналған тегін тамақтану жүйесі де автоматтандырылған. Оқушы алақанын қойғанда, ол асханада тіркеліп, арнайы жүйе арқылы оның тамақтанғаны және қандай тағам алғаны тіркеліп отырады. Бұл әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, артық шығынның алдын алады.

Президент өз сөзінде:

«Әлеуметтік қолдауға бөлінген қаражат нақты мұқтаж азаматтарға жетуі тиіс. Бюджет қаражатының әр тиынына есеп болуы қажет», - деген болатын.

Мектеп асханаларындағы цифрлық бақылау жүйесі осы талапты нақты іске асырады. Ал «Алақан-кітапхана» жүйесі – мектеп кітапханасын басқарудың жаңаша үлгісі. Бұл жүйе кітап қорын цифрлық негізде басқаруға, оқушы алған және тапсырған кітаптарды тіркеуге мүмкіндік береді. Әр оқушының оқу белсенділігі туралы статистика жасалып, кітапхана жұмысында ашықтық пен тәртіп орнайды. Бұл өз кезегінде оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, білім алуға ынтасын еселейді.

Цифрлық кітапханалар – келешектің талабы. Оқушы QR-код арқылы қажетті кітапты іздеп тауып, электронды нұсқасын пайдалана алады. Оқушының қандай жанрға көбірек қызығатыны, қандай кітапты жиі оқитыны туралы деректер жиналып, мектеп психологтары мен педагогтерге бағыт береді. Бұл жүйе – білім сапасын арттырумен қатар, баланың тұлғалық дамуын да бақылауға мүмкіндік береді.

Түркістан облысы білім басқармасы
Фото: Түркістан облысы білім басқармасы

Жалпы, жоба қатысушылары жаңа жүйенің тиімділігіне оң баға беруде. Мұғалімдер үшін есептілік автоматтандырылып, уақыт үнемделсе, ата-аналар баласының тәртібі мен тамақтануына алаңдамайтын болды. Ал оқушылар мектепке кіру, асханадан тамақ алу, кітапханаға бару барысында ешбір карточка не құжатсыз, тек алақанын қою арқылы еркін қозғалады. 

Сондай-ақ бұл жоба – балалардың қауіпсіздігін арттырудың сенімді тәсілі. Мектепке бөгде адамдардың кіруіне тосқауыл болады, оқушының қозғалысы нақты тіркеліп отырады. Бұл – ата-ананың алаңсыздығы мен мектеп әкімшілігінің жауапкершілігін арттыратын маңызды жүйе.

Президент Жолдауларында айтылғандай, «цифрландыру – тек техникалық үдеріс емес, бұл – әділеттілік пен ашықтық мәдениетін қалыптастыру». Осы орайда Түркістандағы білім беру мекемелерінде жүзеге асып жатқан «Алақан» жобасы – әділетті қоғамға бет алған мемлекеттің нақты қадамы.

Келешекте бұл жүйені Түркістан қаласының өзге де мектептеріне енгізу көзделіп отыр. Осылайша, оқушы қауіпсіздігі, білім беру сапасы мен әлеуметтік әділеттілік бір арнада тоғысып, жаңаша білім беру мәдениеті қалыптаспақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақылды қала» концепциясы ретінде Түркістанның жаңа даму кезеңі басталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар