Түркістан облысы бала туу көрсеткіші бойынша республикада көш бастап тұр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы халқының саны 2 140 926 адамды құрады. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжанов мәлімдеді. 

население, демография
Коллаж: Kazinform / Midjourney

2023 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы халқының саны 2 140 926 адамды құраған. Оның ішінде қала халқы – 527 633 болса, ауыл халқының үлесі – 1 613 293.

«Өңірде қаңтар-қараша айларында 51 145 бала туған. Оның 26 323-і – ұл болса, 24 822-сі – қыз. Бүгінде облыс демографияны көтеру бойынша республикада көш басында, оның үлесі 14,3% құрап отыр»,-деді Нұрқожа Ермекұлы.

Бұдан бөлек, спикер өткен жылдың қаңтар-қараша айларында 10 826 неке тіркелгендігін айтты. Сондай-ақ, 2023 жылы тіркелген ажырасулар саны 2022 жылмен салыстырғанда 5,6%-ға кемігенін жеткізді.

Сонымен қатар, өткен жылдың қаңтар-қараша айларында көші-қонмен облысқа 35 953 адам келген. Оның ішінде 35 473 адам – Қазақстанның басқа облыстарынан, 473 адам – ынтымақтастық елдерінен, 7 адам – алыс шет елдерден қоныс аударған. Жалпы облыс ішіндегі көші-қон 40 373 адамды құраған.

Соңғы жаңалықтар