Түркістан облысы экономикасына тартылған инвестиция көлемі артты
Түркістан облысында инвестиция тарту, индустрияландыру жұмыстарына басымдық беріліп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Биылғы 10 ай қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң өсімі сақталды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеден асты. Ал өнеркәсіп өнім көлемі есепті кезеңде 2% артып, жалпы 758 млрд болды. Аймақта зауыттар салу, инвестиция тарту жұмыстарына басымдық берілген. Шетелдік ірі компаниялармен келіссөздер тұрақты өтіп жатыр. Таяу жылдары өңірде ірі кәсіпорындар жұмысын бастайды. Сол бағытта бар күш-жігерімізді саламыз», – деді Дархан Сатыбалды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес, Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Жобаның инвестициялық құны – 100 млрд теңге. 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінде зауыт құрылысына қажетті жер учаскесі бөлінді. Компания тарапынан техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).
Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 млрд теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Биыл 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жыл басынан 39 жоба іске қосылды. 1230 жұмыс орны ашылған.