Түркістан облысы Жетісай ауданында суару суын пайдалану ережесін бұзған 65 дерек анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов аймақта жергілікті құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен судың «көлеңкелі нарығымен» күрес мәселесіне арналған жиналыс өткізді.

Анықталған 65 фактінің 61-і суармалы суды жеткізушінің келісімінсіз өсірілген дақылдарды су көп қажет ететін дақылдарға өз бетінше ауыстыруға қатысты. Тағы 3 жағдайда күріш алқаптарын суару су жеткізу туралы келісімшартсыз жүргізілген.
Отырыста Түркістан облысындағы суды заңсыз алу фактілерін анықтау мақсатында министрлік құрған мониторингтік топтың жұмысы туралы есеп тыңдалды.
Жиын қорытындысы бойынша су ведомствосы мен аймақтың құқық қорғау органдарының басшылары суды заңсыз пайдаланумен күресте күш біріктіруге келісті. Министр Нұржан Нұржігітов бұл қадам Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген заңдылықты қамтамасыз ету, тәртіп орнату және судың «көлеңкелі нарығын» түбегейлі жою жөніндегі тапсырмасын іске асыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
— Мемлекет басшысының судың «көлеңкелі нарығын» жою жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында министрлік бірқатар шара қабылдады. Су нысандарын тұрақты бақылаумен айналысатын төрт жұмыс тобы құрылды, су заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіліп, суару суын пайдалану ережелері қабылданды. Құқық қорғау органдары суару суын әділ бөлу мен оны заңсыз пайдалануға қарсы күресте маңызды рөл атқарады. Мониторингтік топтардың құрамына құқық қорғау органдары өкілдерін қосу олардың тиімділігін арттырады, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Биыл 10 маусымнан бастап суару суын пайдалану ережелері күшіне енгенін еске сала кетейік. Бұл ережелерге сәйкес, келісімшартсыз су тұтынғаны үшін бекітілген тарифтің екі еселенген мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Ал су берушінің келісімінсіз өсірілетін дақылдардың түрін өзгерткені үшін бекітілген тарифтің 1,5 еселенген мөлшерінде айыппұл салынады.
Сонымен қатар жаңа Су кодексі де күшіне енді. Құжатқа сәйкес, бассейндік инспекцияларға қадағалау функциялары беріліп, олар жедел әрекет ету шараларын қабылдай алады. Сондай-ақ су саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін өзгерістер Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне енгізілді.
Айта кетелік Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.