Түркістан облысы жылыту маусымына қаншалықты дайын
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Оңтүстік өңірдің таулы аймақтарында жылыту маусымы басталды. Ал, Түркістан қаласының тұрғындарына 20 қазанда жылу беріле бастады.
Өңірде 737 көпқабатты тұрғын үй бар
Түркістан облысындағы таулы аймақтарда жылыту маусымы биыл 11-16 қазан аралығында басталды. Нақтырақ айтқанда, Төлеби, Түлкібас, Созақ, Қазығұрт, Бәйдібек, Сайрам аудандары мен Кентау қаласында орталықтандырылған жылу қазандықтары кестеге сәйкес іске қосылды.
Қалған аудан-қалаларда жылыту маусымы қараша айында басталады деп жоспарланып отыр.
«Түркістан облысы бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық кестеге сәйкес атқарылуда және өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Бес тәулік бойы сыртқы ауаның орташа температурасы +8 градустан төмен болғанда аудан-қала әкімдері тиісті өкіммен жылу маусымын бастау жөнінде шешім қабылдайды», — дейді Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Р.Мұздыбеков.
Жалпы облыс көлеміндегі орталықтандырылған жылу қазандықтарымен 737 көпқабатты тұрғын үй және 2243 бюджеттік мекеме жылу алады. Оның ішінде, 1279 білім, 668 денсаулық, 212 мәдениет, 9 әлеуметтік, 75 спорт нысаны бар.
Жылу желілерінің 49 пайызы тозған
Жалпы облыста 1 жылу энергоорталығы, 34 орталықтандырылған жылу қазандығы және 1622 автономды қазандық бар.
Мәселен, Кентау қаласындағы жылу энерго орталық көмірмен жылытылса, Созақтағы қазандыққа мазут жағылады. Қалған Түркістан, Арыс, Отырар, Төлеби, Сарыағаш ауданында орналасқан жылыту жүйелеріне табиғи газ қолданылады.
Биыл тозығы жеткен орталық қазандықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, Кентау қаласында 6 қазандық қайта құрудан өтіп жатыр.
Қазіргі таңда төрт қазандықтағы (№ 8,9,10,11) жұмыстар толығымен аяқталды. Қалған екі қазандықтағы (№ 7,12) құрылыс-монтаждау жұмыстары жыл соңында дейін жалғаспақ. Бұдан бөлек, тағы екі қазандықта (№ 5,6) ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кентаулықтар жылыту маусымына 6 қазандықпен кірді.
Ал, Арыс қаласында жылыту қазандықтарына дейінгі 4753 метрді құрайтын табиғи газ құбырын монтаждау жұмыстары аяқталды. Төлеби ауданының Ленгер қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтитын жарамсыз 150 метр жылу желілері толық ауыстырылып, резервтік қазандық жөндеуден өтті.
Созақ ауданына қарасты Таукент кентіндегі 5 қазандықта, Қыземшек кентіндегі 4 қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 2940 метр жылу жылу желілері жаңартылды.
Ал, Түркістан қаласындағы көпқабатты үйлерге «Жылу» МКК арқылы жылу беріледі. Мекеменің меншігінде 14 қазандық бар. Оның барлығы табиғи газбен жанады.
«Жалпы облыстағы жылу желілеріне тұтастай техникалық зерттеу жүргізілді. Жылу желілерінің тозуы 49 пайызды құрап отыр. Республикалық бюджеттен бөлінген 4,6 млрд теңгеге Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистральды жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылыту маусымының жақсы өтуі тұрақты бақылауда» — дейді дейді Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Р.Мұздыбеков.
107 мектептің жылу жүйесі табиғи газға ауысады
Түркістан облысындағы 1279 мемлекеттік білім нысанының 63-і орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы, 1216-сы автономды жылыту қазандықтары арқылы жылытылады. Аталған білім нысандары 100 пайыз сығымдау жұмыстарынан өткен.
Бүгінде 1157-не жылу маусымына дайындық паспорты алынған. Ал қалған 122 нысанға аталған құжат апта ішінде беріледі деп жоспарланып отыр.
Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, облыстағы 450 білім мекемесіне қажетті 82544,5 тонна қатты отын, 42 білім мекемесіне қажетті 2399,2 тонна сұйық отын толығымен тасымалданған. 720 білім беру нысаны табиғи газ арқылы, 4 білім беру мекемесі электр энергиясымен жылытылады.
Облыстағы 107 білім мекемесінің жылу жүйесін табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен 2,2 млрд теңге қаралған.
Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, тиісті жұмыс жүріп жатыр. Сонымен қатар күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарымен 30-ға жуық білім беру ұйымының жылу жүйесі жаңартылған.
1 тонна көмірдің бағасы — 19 850-22 000 теңге аралығында
Бүгінде облыстың көмір отынына қажеттілігі 700,9 мың тоннаны құрайды. Мамандардың айтуынша елді мекендерді газдандыру жұмыстарының нәтижесінде, қатты отынға тәуелділік өткен жылмен салыстырғанда 150 мың тоннаға азайған.
«Қазіргі уақытта облыстың көмірмен қамтылу көрсеткіші 50 пайызды құрап отыр. Оның ішінде әлеуметтік сала объектілерінің қамтылуы 100 пайыз (білім, денсаулық, спорт, мәдениет, жқмыспен қамту) болса, тұрғындардың қамтылу деңгейі 68 пайызды құраған. Ал, жылыжайлар 12 пайызға қамтылған. Жалпы жылыжайлардың басым көпшілігі көмірді қараша айынан тұтына бастайды. Сол себепті қазіргі таңда көмірді сатып алу қарқыны артып келеді» — дейді Р.Мұздыбеков.
Қазақстан темір жолы ақпаратына сәйкес мамыр-қазан айларында облысқа 272 мың тонна көмір жеткізілген. Сондай-ақ, Шымкент қаласына жақын орналасқан аудандарға Шымкент қаласының тұйықтарынан, Созақ ауданына көршілес Жамбыл облысынан көмір тасымалданып жатыр.
«Шымкент қаласының жалпы көмірге қажеттілігі — 33,9 мың тонна, ал тасымалданғаны — 102 мың тонна. Шамамен 72 мың тонна Шымкент қаласына жақын орналасқан облыстың аудандарына тасымалданған. Оған қоса, Жамбыл облысының Жаңатас станциясы арқылы Созақ ауданына 10 мыңнан астам көмір жеткізілген. Облыста көмір тасымалдаумен 23 өңірлік оператор айналысады. Қазіргі уақытта көмір тұйықтарындағы қор 120 мың тоннаны құрап отыр. Жалпы жағдай қалыпты, көмір жоспарға сәйкес тасымалдануда», — дейді Р.Мұздыбеков.
Айта кетейік, көмірдің 1 тоннасы 19 850 — 22 000 теңге аралығында сатылып жатыр.
Жолдарда 11 жылыту пункті жұмыс істейді
Түркістан облысында қар басу қаупі жоғары 22 аумақ бар. Оның 6 республикалық маңызы бар жолдар болса, 16-ы облыстық маңызы бар жолдар. Аталған аумақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 11 жылыту бекеті орналасқан.
«Қар құрсауында қалып, қиындыққа ұшырған азаматтарға көмектесуге 191 жеке құрам мен 25 техника қарастырылған. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар жолдарда 9 шақырым жолға қар ұстағыш қалқандар орнатылды. Сондай-ақ, қар құрсауында және күрделі метеожағдайда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 11 жылыту пункті есепке алынған, — деді төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Талғат Досалиев.
Сондай-ақ, спикер облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы асуларда 4 жылыту бекеттері орналасқанын жеткізді. Мұнда бір мезгілде 40 адамды қабылдауға мүмкіншілік бар.
Төсек-орынмен де қамтамасыз етілген. Тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылған.