Түркістан облысына 600 мың тоннадан астам көмір қажет

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Алдағы жылыту маусымына көмір қоры әзірленіп жатыр.

Көмір
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында көмір қоры жасақталу үстінде. Аймақтың қатты отынға деген жалпы қажеттілігі 606 мың тоннадан асады.

Жалпы мамыр-шілде айларында өңірге 96 791 тонна көмір жеткізу жоспарланған. Оның ішінде 76 728 тоннасы теміржол арқылы жеткізіліп, жоспардың 79 пайызы орындалды. Бүгінде өңірдің 28 кәсіпкерлік субъектісінің қоймаларында шамамен 100 мың тонна қатты отын сақтаулы. Көмір тасымалы күн сайын жалғасып жатыр.

Ерекше назар бюджеттік мекемелерге — мектептерге, ауруханаларға және әлеуметтік нысандарға аударылып келеді. Бұл ұйымдардың жалпы қажеттілігі 75 786 тонна көмір деп есептелген.

Қазіргі таңда оның 36 пайызы сатып алынған. Бюджеттік мекемелер көмір отынымен 10 тамызға дейін қамтамасыз етілуі тиіс.

— Жылыту маусымында өңірде көмір тапшылығы болмауы керек. Аудан және қала әкімдеріне бюджеттік мекемелердің қамтамасыз етілуін және дайындық барысын қатаң бақылауды тапсырдық. Жылыту маусымына дайындық тұрақты бақылауда, — деді облыс әкімдігі өкілдері.

Сонымен қатар, жұмыстың ашықтығы мен жүйелілігін арттыру үшін көмір жеткізу индикаторы енгізілді. Бұл жүйе көмір тиеу қарқынын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қызылорда облысындағы жылумен қамту нысандарын жаңғырту үшін биыл 13,5 млрд теңге бөлінгенін жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар