Түркістан облысына 700 мың тоннадан астам көмір қажет
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бүгінгі таңда тұйықтарда 138 мың тонна көмір жинақталған. 1 тонна көмір 19 850 – 22 000 теңге аралығында сатылып жатыр.
Бұл туралы Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков мәлімдеді.
Түркістан облысы бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Өңірлік штаб жылыту маусымын тұрақты бақылауға алған.
«Жалпы облыстың көмір отынына қажеттілігі 700,9 мың тоннаны құрайды. «ҚТЖ» АҚ ақпаратына сәйкес облысқа 189,8 мың тонна кіргізілген (27,1%). Ордабасы, Бәйдібек, Қазығұрт, Сайрам аудандары көмірді Шымкент қоймаларынан тасымалдайды. Тұрғындар үшін қажетті көмір көлемі 318 мың тонна. Әзірге 49 пайызы қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, облыстың жылыжайлары үшін 282,9 тонна көмір қажет. Жылыжай иелері «Шұбаркөл» АҚ-мен тікелей келісімшартқа тұрған. Әзірге 20,3 мың тонна жеткізілді. Бюджеттік мекемелер үшін 99,8 мың тонна көмір сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күнге 91 пайызы жеткізіліп отыр. Тасымалдау жұмыстары тұрақты жалғасуда» - деді Руслан Мұздыбеков.
Коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалдаумен облыста 23 өңірлік операторлар айналысады. ҚР Энергетика министрлігі тарапынан облысқа қажетті 7,8 мың тонна әлеуметтік мазутты тасмалдайтын операторлар анықталып, бағасын бекіткен. Қазір тасымалдау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы аймақта 34 жылу энергетика кешені және 1622 автономды қазандық бар.
Айта кетейік, бұдан бұрын Кентау қаласының тұрғындарына қазан айының 15-нен бастап жылу беріле бастайтындығын жазған болатынбыз. Себебі ЖЭО-дағы жөндеуден өткен қазандықтар сол сәтте іске қосылып, тексеруден өтпек.