Түркістан облысынан 2500-ге жуық азамат күзгі әскерге аттанады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Биылғы жылдың қыркүйегінен желтоқсан айына дейін 2500-ге жуық жас сарбаз Отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақырылады.

Әскер қатарына алынған азаматтар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Қарулы күштерінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде, Ұлттық ұланда, Мемлекеттік күзет қызметінде және Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдарында қызмет етеді.
— Күзгі шақыру науқанына Түркістан облысынан ҚР Қарулы Күштеріне — 1000-ға жуық сарбаз, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне — 350-ден астам жас, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне — 35 сарбаз, ҚР Ұлттық ұланына — 900-ден аса адам, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдарына — 30 азамат жіберіледі. Биылғы жылдың шілде және тамыз айларынан бастап шақырылушылармен алдын ала зерделеу жұмыстары жүргізілді. Әрбір шақырылушының денсаулығы, білімі және моральдық-психологиялық жағдайы ескеріліп, олар Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қажеттіліктеріне қарай тағайындалды-деді Түркістан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жандос Күлдербаев.
Ал ҚР ҰҚК Түркістан облысы департаментінің аға офицері Ерболат Базарқұлов әскерден кейінгі жеңілдіктерге тоқталды. Оның айтуынша, Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Еліміздің азаматтары әскери қызметтен кейін екі жыл ішінде ҰБТ нәтижесінсіз әңгімелесу арқылы ақылы негізде ЖОО-ға түсу мүмкіндігі бар. Үздік әскери қызметшілерге мемлекеттік грант негізінде тегін жоғары білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Емтихансыз грант негізінде ЖОО-ның әскери кафедрасына түсу, сонымен қатар үздік әскери қызметшілерге ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына ҰБТ нәтижесінсіз түсу мүмкіндігі берілген. Әскерге шақыру науқаны ашық форматта жүргізіледі. Қажетті ақпарат алу үшін әрбір азамат қорғаныс істері жөніндегі департаментке, басқармалар мен бөлімдерге жүгіне алады - деді Ерболат Базарқұлов.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында қаржылық пирамида құрғандар сотталғанын жазған болатынбыз.