Түркістан облысында 100-ден астам қоқыс полигоны талапқа сай келмейді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Өңірдегі 800-ден астам елді мекеннің 43 пайызы ғана қоқыс шығару қызметімен қамтылған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды төрағалығымен өткен жиында айтылды.

қоқыс
Фото: Pixabay

Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің сөзіне сүйенсек, өңірдегі 800-ден астам елді мекеннің 43 пайызы ғана қоқыс шығарумен қамтылған.

Бұл бағытта облыс бойынша 58 мекеме 247 техникамен қызмет көрсетеді.

Министрліктің тапсырмасына сәйкес, техникаға GPS жүйесін орнатып, қоқыс көліктерінің қозғалысы туралы ақпарат «Табиғи ресурстар және қоршаған ортаның жағдайы туралы ұлттық банк» қорына түсуін қамтамасыз ету тапсырылған.

Әзірге, аталған жүйе тек, Түркістан, Кентау қалаларындағы мекемелерде ғана жүзеге асып отыр.

Ал басқа аудандарда жұмыстар әлі күнге дейін жүргізілмеген. 

Ал, аудан, қала аумағында 151 қатты тұрмыстық полигон орны белгіленсе, оның 107-і санитарлық-экологиялық нормаға сәйкес келмейді.

Елді мекендердегі заңсыз күлтөкпелерді жою және аталған саланы оңтайландыру мақсатында өткен жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға нақты міндет жүктеді. 

«Бұл мәселеге қатысты бірнеше түйткіл бар. Алайда оны 3 жылда түбегейлі шешу керек. Аудандарды аралап, халықпен кездесулер өткізген кезде ретсіз қоқыс туралы шағымды жиі естиміз. Бұл жағдайды күрделендіріп отырған мына өздеріңіз. Қолмен істеуге болатын тірлікті ұйымдастыру, оны жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы тазалықты сақтауға болады. Білмесеңіздер, үйреніңіздер. Айналаызға қарап, сұрастырыңыздар. Тазалыққа әр әкім жеке жауапты», - деді Дархан Сатыбалды.

Соңғы жаңалықтар