Түркістан облысында 156 адамға бюджет қаражаты негізсіз аударылған
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Еңбек мобильділігі орталығында қоғамдық жұмыстарға тартылмаған, жастар тәжірибесіне, алғашқы жұмыс орындарына жолданбаған 156 адамға бюджет қаражаты негізсіз аударылған. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Мұрат Төлеубаев мәлімдеді.
Әлеуметтік саладағы сыртқы талдау нәтижесімен таныстырған Мұрат Төлеубаев жұмыс орындарын бөлу кезінде нақты және түсінікті критерийлердің жоқтығы жемқорлық тәуекелдерінің туындауына алып келгендігін айтты.
Мәселен, Мақтаарал мен Ордабасы аудандарында халық және тіркелген жұмыссыздар саны шамалас болғанымен, 2020-2023 жылдары Мақтаарал ауданына 3 есе көп жұмыс орны бөлінген.
«Әлеуметтік көмек орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға берілу қажеттілігіне қарамастан, процестердің ашық болмауы оны шын мәнінде қажет етпейтін адамдарға да тағайындауға мүмкіндік береді. Мәселен, ішінара зерделеу барысында 2 немесе оданда көп жылжымалы және жылжымайтын мүліктері, соның ішінде табыс алып келетін жүк көліктері бар тұлғаларға, әлеуметтік көмек тағайындалған 22 дерек анықталды» - деді Мұрат Төлеубаев.
Ал, жолдарды жөндеу мен салуда, әлеуметтік маңызы бар объектілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде кепілдік мерзімдерін қолданудың әртүрлі тәжірибесі кездескен. Атап айтар болсақ, мердігерлердің шарттарында кепілдік мерзімдер 1, 3 және 5 жылға дейін, кейбір шарттарда кепіл мерзімдері мүлдем белгіленбеген.
«Біздің ұсынысымызбен, әлеуметтік маңызы бар объектілерді салу мен автожолдарды күрделі жөндеу кезінде ең кемі 7 жыл, автожолдарды орташа жөндеу кезінде 5 жыл кепілдік мерзімдерін белгілеуге қала, аудан әкімдіктері өкімдер шығарды. Нәтижесінде, құрылыс сапасын жақсартуға бағытталған бірыңғай практика белгіленді. Бұл шаралар мердігерлердің құрылыс жұмыстарының сапасына жауапкершілікпен қарауына мүмкіндік береді» - деді Мұрат Төлеубаев.