Түркістан облысында 166 млн теңге қарызы бар 21 борышкер құмар ойынға ақша салған

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өткен жылы өңірде алименттен жалтарған 19 борышкерге ҚК-тің 139-бабымен қылмыстық іс қозғалған.

лудомания
Фото: Pexels

Облыс прокуратурасы алименттерді өндіру туралы атқару құжаттарын талдау барысында сот орындаушыларының бірқатар заң бұзушылыққа жол бергенін әшкереледі.

– Алимент бойынша берешегі 166 млн теңгеден асатын 21 борышкердің букмекерлік кеңселерге, яғни құмар ойындарға 15 млн теңгеден астам қаржы салғаны анықталды. Қазіргі таңда облыс прокуратурасымен аталған тұлғаларды қылмыстық жауапқа тартуға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады облыс прокуратурасы.

Сондай-ақ облыста жалпы 1,5 млрд теңге берешегі бар 1 167 борышкерге республика аумағынан шығуға шектеу қойылмаған, ал 18 млн теңге қарызы бар 21 борышкердің шығуына қатысты дерек тіркелген. Бұдан бөлек, 170 млн теңге қарызы бар 120 борышкерге қатысты мүлкінен өндіріп алу шаралары және 2 635 борышкерге автокөлік басқару құқығын уақытша тоқтату шаралары қолданылмағаны белгілі болды.

– Облыс прокуратурасының бастамасымен борышкерлер мен олардың отбасыларына әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қолға алынып, сот орындаушылар «FSM Social» бағдарламасына қосылды. Ендігі жерде сот орындаушыларына борышкерлерді жұмысқа орналастыру, ондай отбасыларға әлеуметтік және рухани көмек көрсету электрондық әдіспен жүргізіледі, – делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Бұдан бұрын 600 млрд теңгелік заңсыз құмар ойын схемасы бойынша тоғыз адам қамауға алынғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар