Түркістан облысында 2 мың гектар жер жалған құжатпен жеке тұлғаларға заңсыз рәсімделген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының прокуратурасы жер заңнамасы саласында заң бұзушылықтар бар екенін анықтады.

жер мәселесі
Фото: Kazinform

Түркістан облысының прокуратурасы жер телімдерін заңсыз беруге, ресімдеуге және оларды мемлекет меншігінен шығаруға байланысты жер қатынастар саласында заң бұзушылықтарды анықтады.

— Сауран ауданында жалған құжатпен көлемі 2 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері жеке тұлғаларға рәсімделген, кейіннен олардың нысаналы мақсаты бизнес үшін өзгертілген. Бұл заңсыз әрекет мемлекетке 320 млн теңгеге залал келтірген, сондықтан 2 сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, - делінген хабарламада.

Төлеби ауданында комиссия шешімінсіз 23 жер теліміне қатысты жер учаскелерін табыстау, нысаналы мақсатын өзгерту және жалға беру мерзімін ұзарту туралы заңсыз жағдайлары анықталды.

Осы ауданда жеке меншікке 39 жертелімі берілген, алайда іс жүзінде заңнамада белгіленген мерзімде игерілмеген.

Аталған фактілер бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, іс-құжаттар прокуратураның АЕК-на тіркелді жәнесыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментіне процестік шешім қабылдау үшін жолданды.

Жалпы, 2025 жылдың I-тоқсанында облыс прокуратурасының актілері негізінде мемлекетке кадастрлық құны 2 млрд теңгеден асатын жер қайтарылды.

Бұған дейін Қостанай облысында аудан әкімдіктері жер телімдеріне кезекті әдейі жасырып келгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар