Түркістан облысында 4 есірткі зертханасы жойылды - Үйлестіру кеңесі
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиевтің төрағалығымен полиция департаментінің ғимаратында есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың тиімділігі мәселесі бойынша құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Кеңес жұмысына облыс әкімі, уәкілетті және құқық қорғау органдардың басшылары қатысты.
Жиналыста заңсыз есірткі айналымына қарсы іс-қимыл бойынша жедел-профилактикалық іс-шараларды одан әрі жандандыру жөніндегі шаралар қаралды.
2024 жылдың 10 айында Түркістан облысының қылмыстық қудалау органдарымен есірткінің заңсыз айналымына қатысты 530 қылмыс тіркеліп, 467 тұлға қылмыстық жауапқа тартылған. Олардың арасында есірткі сақтағаны үшін 202, есірткі сату бойынша 34, ал есірткі контрабандасы үшін 170 тұлғаға айыпталды.
Жалпы 1,1 тонна тыйым салынған заттар жойылды, 4 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды, «Киберқадағалау» бағдарламасымен 115 заңсыз интернет-контент бұғатталды, есірткі жарнамасы бар 46 граффити анықталды, олар бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды.
«Үйлестіру Кеңесінің қорытындысымен қылмыстық қудалау және уәкілетті органдарға тиісті тапсырмалар берілді»,-делінген Түркістан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Осыған дейін Түркістан облысында интернет-алаяқтықпен күрес қарқынды жүріп жатқаны туралы жаздық.