Түркістан облысында 4 жасар «калькулятор-бала» тұрады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылында ерекше қабілетті бала өсіп келеді. Небәрі 4 жасар Әли Адамбек екі таңбалы және тіпті үш таңбалы сандарды ойша есептей алады және көбейту амалдарын ағылшын тілінде еркін орындайды.
«Алтынтөбе» орта мектебінің мұғалімі Әлия Миятбекованың айтуынша, Әли 5-6 сынып оқушылары шеше алмайтын күрделі есептерді басқалардан бұрын шығарып, көпшілікті таңғалдырып жүр.
Жас вундеркиндтің анасы Нұргүл Мырзағалидың сөзінше, ұлы екі жасынан бастап балабақшаға барған. Оның зеректігі соншалық, балабақша тәрбиешілері «өз қатарластарына қарағанда озық бала» деп мектепке жіберген.

— Үш жасқа толар тұста Әли балабақшаға баруға аса құлық таныта қоймады. Осыдан соң мектепке дейінгі дайындық тобына бердік. Алғашында баланың бейімделуіне уақыт беріп, бақылап көргіміз келді. Егер қиындық туындаса, қайтадан балабақшаға беруді ойлағанбыз. Бірақ өзінен үлкен сынып оқушыларымен бірге мектепке барып жүрсе де, еш қиналмай, сабаққа тез бейімделді. Биылғы қыркүйектен бастап дайындық сабағына қатысып келеді, — деді ол.
Анасының айтуынша, басқа балалар мультфильм көрсе, Әли ағылшын тіліндегі математикалық контенттерді қызығып тамашалайды.
— Ұйықтар алдында ертегі тыңдаудың орнына, жарты сағат бойы есеп шығарып, көбейту кестесін айтуды өтінеді. Сурет салғанды ұнатады. Кубиктермен ғимараттарды құрастырғанға әуестігі бар. «Шахмат ойнайық» деп ағаларына жиі айтады, — деді ол.
Әли тек математикамен шектелмейді. Ол әліппені толық меңгерген, енді ағылшын тілінде жазуды үйренуге күш салып жүр.
— Әли дүниеге келгеннен бері салт-дәстүрді дәріптейтін «Отбасы хрестоматиясы» кітабын өзіміз де тереңдетіп оқып, ондағы төрт қатар өлеңдерді жаттатып келеміз. Ауылда тұрғандықтан, қаладағыдай дамыту мүмкіндіктері қарастырылмаған. Дегенмен, математика пәнінің мұғалімі қосымша сабақтарына қатыстырып жүр. Ал онлайн оқуға баланың жасы әлі ерте деп есептейміз. Сондықтан бұл бағытта әзірге нақты жоспар жоқ, — деді анасы.

Дарынды баланың әкесі Сапар — экономист маман, қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Анасы Нұргүл — мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Отбасы бес ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
Үлкен ұлдары IT саласы бойынша білім алып жүр. Одан кейінгі ұлы туризм саласында ағылшын тіліндегі топта оқиды. Ол физика-математика бағытындағы «Дарын» мектебін тәмамдаған. Қалған төрт баласы мектеп оқушылары, түрлі пәндер бойынша үздік нәтиже көрсетіп келеді.
Бұдан бұрын алматылық жас өнертапқыш министрлікпен бірлесіп «ауадан су алу» жобасын іске қосатынын жазған едік.