Түркістан облысында 583 млн теңге жымқырған білім бөлімі қызметкерлеріне үкім шықты

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы Байдібек аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру дерегі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Түркістан облысында 583 млн теңге жымқырған білім бөлімі қызметкерлеріне үкім шықты
Фото: Видеодан алынған скрин

Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген.

Іс материалдарына сәйкес, басшылар, бухгалтерлер мен экономистерді қоса алғанда 18 лауазымды тұлға жалақы және өзге де төлемдерге арналған бюджеттік өтінімдерді негізсіз ұлғайту арқылы ауданның 49 жалпы білім беретін мектебінің қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырған.

Бухгалтерия қызметкерлері электрондық жүйелерге әдейі жалған мәліметтер енгізіп отырған. Төлем ведомостары мен есеп парақтарына іс жүзінде жұмыс істемеген адамдар тіркелген немесе жалақы мен үстемеақылар көлемі негізсіз көбейтілген.

- Операцияларға заңды сипат беру үшін қызметтік жазбалар, бұйрықтар, есеп ведомостары мен жұмыс уақыты табельдері сияқты жалған құжаттар пайдаланылған. Құжаттардың бір бөлігі төлемдер жүргізілгеннен кейін кері күнмен рәсімделген немесе есепті сәйкестендіру мақсатында түзетілген.

Қаражат жалған тұлғалардың, оның ішінде туыстары мен таныстарының банктік шоттарына аударылып, кейін алдын ала келісілген үлестер бойынша қатысушылар арасында бөлінген, - делінген ақпаратта.

Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 583 млн теңгеден асқан.

Тергеу барысында күдіктілер келтірілген шығынды толық өтеген.

Сот үкімімен 14 адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Айта кетейік, Түркістан облысында заңсыз снюс өндіретін үш жасырын цех жойылды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум