Түркістан облысында 8 жастағы бала телефон жөндейді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Келес ауданының Абай ауылында техникаға ерекше бейімі бар бала өсіп келеді. Ол – небәрі сегіз жастағы Айдын Бекжанұлы.

Айдын Бекжанұлы
Фото. Келес ауданы әкімдігі

Ауыл шетінде орналасқан шағын шеберханаға күн сайын түрлі жастағы адамдар келеді. Бірі экран сынғанын, бірі батырмасы істемей қалғанын, енді бірі суға түскен телефонды жөндеуді сұрайды. Әкесінің қасында отырған сияқты көрінетін Айдын бір сәтте үстелге жайғасып, бұранданы қолына алады да, іске кіріседі.

Телефонды ашып, ақауын анықтау – оған қиын емес. Қажетті бөлшектерін ауыстырып, санаулы сәтте бұзылған құрылғыны бабына келтіреді. Мұны көрген ауылдастары оның шеберлігіне таң қалады.

Айдын Бекжанұлы
Фото. Келес ауданы әкімдігі

Айдын – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы. Биыл үшінші сыныпты аяқтап, төртінші сыныпқа көшті. Көп бала жазғы демалысын ойынмен өткізсе, ол бұл уақытты еңбектенуге пайдаланып жүр. Әкесіне көмектесу – оның күнделікті дағдысына айналған.

Әкесі Бекжан Өтенов 2021 жылдан бері ауылда телефон жөндеу қызметін көрсетеді. Қазір ұлы – шеберхананың нағыз серігі. Айдын түрлі маркалы телефондарды тарқатып, қайта жинай алады, ақауларын дербес анықтайды. Қауіпсіздік үшін электр тогымен байланысты жұмыстарды әкесі атқарады, бірақ қалғанының бәрін Айдын өзі істейді.

— Бала кішкентайынан жанымнан шықпайтын. Бөлшектенген телефонға қызығып, әр детальді сұрайтын. Уақыт өте өзі құрастырып, ақауын таба бастады. Ешқандай курстан өткен жоқ, бәрін тәжірибеден үйренді. Бұл – табиғи талант, – дейді әкесі мақтанышпен.

Айдын Бекжанұлы
Фото. Келес ауданы әкімдігі

Бес балалы шаңырақтың үшіншісі саналатын Айдын бос уақытында телефон құрылымын ғана емес, компьютер мен түрлі гаджеттердің жұмысын да зерттейді. Болашақта инженер немесе IT маманы болуды армандайды.

Ата-анасы баланың талабын ерте байқап, барынша қолдап келеді.

– Қолынан келетін іске ынталандырып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етеміз. Бастысы – қызығушылығы жоғалмасын, – дейді әкесі.

Бүгінде Айдын ауылда жүріп-ақ әлемдік технология жаңалықтарын қызығып қадағалайды, интернеттен телефон өндірісі мен жөндеу тәсілдерін үйренеді.

Бүгінде ол – ауылдың мақтанышы, ертең – еліміздің техникалық саласында өзіндік орны бар маман болуы ықтимал. Оның өмір жолы – еңбек, ізденіс және отбасы қолдауының жарқын үлгісі.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда Абайдың 180 жылдығына орай жастар мен тұрғындарға «Абай жолы» романы таратылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар