Түркістан облысында 800-ден астам түлек «Серпін» бағдарламасымен грантқа түсті

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – 2025 жылы жұмыссыз жастар мен NEET санатындағы жастардың үлесін азайту мақсатында 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 50 831 жасты осы жоба аясында жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл туралы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Пердебек Сержанұлы мәлімдеді.

Түркістан облысында 800-ден астам түлек «Серпін» бағдарламасымен грантқа түсті
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

– Облыс бойынша жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалармен 128 636 жасқа кеңес берілді. Өңірде 2025 жылдың І тоқсанындағы қорытынды бойынша 15-34 жасқа дейінгі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9%-ды құрады. Ал, NEET санатындағы жастар көрсеткіші 5,8%-ға төмендеді, , - деді спикер. 

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Сондай-ақ Пердебек Сержанұлы биыл «Серпін-2050», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» сынды мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында еліміздегі 8 жоғары оқу орнының өкілдері арнайы келіп, аудандарда мектеп түлектерімен кездесу өткізгенін және аймақта еріктілер жұмысын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті. 

– Бағдарлама аясында Түркістан облысынан 802 түлек грантқа түсті. Бұдан бөлек, облыс бойынша 132 еріктілер ұйымдарында 18 мыңнан астам жастар белсенді мүше ретінде тіркелген. Еріктілер жұмысын дамыту бағытында облыс көлемінде 6 бағыттан тұратын ауқымды акциялар өткізілді. Нәтижесінде 408 сенбілік өткізіліп, 197 500-ге жуық жас атсалысты, - деді Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар