Түркістанда 9-сынып оқушысын сыныптасы ұрып өлтірді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Оқиға 3 қараша күні Түркістан қаласының шетіндегі зираттардың бірінде болған.
Түркістан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі таңда оқушының өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
- Оқиға орнына барған жедел-тергеу тобы барлық қажетті шараларды жүргізді. Алдын ала мәлімет бойынша, 9-сынып оқушысын сыныптасы кеуде тұсынан ұрған. Соққы алған оқушы сол жерде қайтыс болған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні, сондай-ақ оқиғаға қатысқандардың бәрінің ізін суытпай ұстады, - делінген облыстық полиция департаментінің ресми мәлімдемесінде.

Сондай-ақ жасөспірімдердің заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
Әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс енгізілді.
Бұдан бұрын Түркістан облысында полицей пара алды деген күдікпен ұсталғанын жазған едік.