Түркістан облысында адам өлтіріп, мәйітті өзенге тастағандар сотталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аса ауыр қылмыс бойынша қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды.

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сотталушылар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-бабы 2-бөлігі 1) тармағы (адам ұрлау), 126-баптың 1-бөлігі (заңсыз бас бостандығынан айыру), 99-баптың 2-бөлігі 1), 3), 7) тармақтары (кісі өлтіру) бойынша айыпталған.
2024 жылғы 5 тамызда түнгі уақытта екі сотталушы алдын ала сөз байласу арқылы Шардара қаласы маңындағы Сырдария өзенінің жағасында екі азаматқа күш қолданып, оларды заңсыз бас бостандығынан айырған. Жәбірленушілердің аяқ-қолдары, көзі, аузы мен тыныс жолдары скотчпен оралған. Сот-медициналық сараптамаға сәйкес, олар кеуде тұсынан ауыр соққы алып, соның салдарынан оқиға орнында көз жұмған. Қылмысты жасыру мақсатында мәйіттер өзенге тасталған.
Алқабилердің шешімімен екі айыпталушы да кінәлі деп танылып, жасаған қылмыстарының жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бір сотталушы 24 жыл 6 айға, екіншісі 23 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды.
— Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Сотталушылардан ортақ тәртіпте 30 миллион теңге моральдық зиян және 2,4 миллион теңге адвокаттық қызмет шығындары өндірілді. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ, — делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында тыйым салынған діни материалдарды таратқан шетелдік 7 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.