Түркістан облысында аққулар қыстап жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Табиғат жанашырлары көктемге дейін құстардың қауіпсіздігін бақылауда.

Әлеуметтік желіде шағын көлде жүзіп жүрген аққулардың видеосы тарады. Онда топтана ұшқан аққулардың суға қонғанын, су бетінде еркін жүргенін көруге болады.
Видео «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағында түсірілген. Қорық қызметкерлері аққулардың Оңтүстікте қыстап жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, табиғат жанашырлары көктемге дейін құстардың қауіпсіздігін бақылауға алған.

- Аққулар жыл сайын Оңтүстікте қыстайды. Өткен жылдармен салыстырғанда биыл келген аққулардың саны аз. Мәселен, өткен жылдары өңірге 2000-ға жуық аққу келген болса, биыл 600-700-і ғана жүр. Қазір сұлулықтың символы саналатын құстар табиғи парк аумағында қыстап жатыр. Көпшілігі Солтүстік аймақтан келеді. Себебі, Түркістанда күн жылы болғандықтан өзен-көлдердің бетіне мұз қатпайды. Олар көбіне судағы өсімдіктермен қоректенеді. Көктемде қайта ұшып кетеді,-дейді «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің меңгерушісі Нұрила Жауынбайқызы.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда ағаштар бүршік ата бастағанын жазған болатынбыз.