Түркістан облысында апат салдарынан 10 пойыз кестеден кешігіп жатыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — ҚТЖ компаниясы жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұрады, сондай-ақ, ережеге сәйкес әрбір толық кешігу сағаты үшін жол жүру құнының 3% мөлшерінде өтемақы төленетінін хабарлады.

Сианнан Алматыға жолаушылар пойызы қатынайтын болады
Фото: Kazakhstan Temir Zholy

Түркістан облысында жүк пойызының вагондары жолдан шыққан жерде жолаушылар пойыздары кешігіп жатыр. 

Сағат 21:00–дегі ақпарат бойынша 10 пойыз кестеден кешіккен.

— № 21 «Семей-Қызылорда» пойызы;
— № 203 «Астана-Шымкент» пойызы;
— № 22 «Қызылорда-Семей» пойызы;
— № 46 «Түркістан-Павлодар» пойызы;
— № 24 «Ақтөбе-Алматы» пойызы;
— № 55 «Көкшетау-Қызылорда» пойызы;
— № 87 «Алматы-Сарыағаш» пойызы;
— № 78 «Маңғыстау-Алматы» пойызы;
— № 30 «Атырау-Алматы» пойызы;
— № 34 «Ақтөбе-Алматы» пойызы.

Қозғалыс 26 маусым күні таңғы сағат 04:00–де қалпына келеді деп жоспарланып отыр.  Жолаушылар тамақ және ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

«25 маусым сағат 19:20–да Түлкібас-Арыс учаскесіндегі Меңлібай-Көктөбе қиын иінді аумағында жүк пойызының вагондары жолдан шықты. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Жүк пен жылжымалы құрамда өрт болмаған. Теміржолшылар осы учаскедегі қозғалысты қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Оқиға орнында Шымкент, Арыс және Тараз стансаларынан қалпына келтіру пойыздары жұмыс істеуде. Жолдан шығудың алдын ала себебі — жеке вагонның доңғалақ жұбының осі сынып қалуы. Анықтамалық ақпаратты 1433 тегін нөмірі бойынша алуға болады» делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында жүк пойызы рельстен шығып кеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар