Түркістан облысында аутизммен ауыратын балалар көбейген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, онда аутизм спектрі бұзылған балалардың қазіргі ахуалы мен оларға көрсетілетін көмек тетіктері талқыланды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аутизм
Коллаж: Canva

Жиында Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Төлепов өңірдегі жағдайға қатысты статистикалық мәліметтерді ұсынды.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда аутизммен тіркелген балалар саны 54-тен 169-ға дейін көбейген. Ал жалпы аурушаңдық көрсеткіші 152 жағдайдан 437-ге жетіп, бес жыл ішінде дерек бес есеге артқан.

Биыл жыл басынан бері облыстық психикалық денсаулық орталығының балалар бөлімінде аутизм диагнозымен 29 бала ем қабылдаған. Облыста 10 ПМПК, 17 түзету кабинеті қызмет көрсетеді. ПМПК арқылы 207 аутизмі бар бала қолдау алып отыр.

Сондай-ақ әлеуметтік саладағы ахуал туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қырықбаев баяндады. Оның айтуынша, облыста мүгедектігі бар балалар саны 15 мыңнан асқан.

– Өңірде аутизмі бар балаларға жан-жақты көмек көрсету мақсатында «Қамқорлық» менталды бұзушылықтары бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы құрылған. Онда бір мезетте 125 бала медицина, психология, педагогика, мәдени және әлеуметтік бағытта кешенді қолдау алады. Орталық қажетті жабдықпен толық қамтамасыз етіліп, оның көп бөлігі Финляндия, Жапония және Австриядан әкелінген. Ашылуы желтоқсан айына жоспарланып отыр, – делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақтілді робот аутизмді қалай емдеп жүргенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар