Түркістан облысында бес жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген шетелдік ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында полиция қызметкерлері бес жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген 44 жастағы шетел азаматын ұстады. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Ер адам Мақтаарал ауданында көші-қон заңнамасының сақталуын тексеру барысында анықталған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ол жүрген жерінен ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
— Тексеру барысында шетел азаматының бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталғаны және 2021 жылдан бері халықаралық іздеуде жүргені анықталды. Қазіргі таңда ол қамауға алынды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Түркістан облысының аумағында заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 26 шетел азаматы анықталды.
Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, олардың 16-сы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Полицейлер көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырмақ.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістанда ерлі-зайыптылардың өліміне қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарладық.