Түркістан облысында биоқоспалар өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Orzax Group басқарма төрағасы Селман Алимоғлыны қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Мемлекет басшысы Orzax Group басқарма төрағасы Селман Алимоғлыны қабылдады
Фото: Ақорда

Әлемдегі биологиялық белсенді қоспалар нарығында көшбасшылардың бірі саналатын компания басшылығымен кездесуде бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Orzax Group компаниясының Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт салу шешіміне қолдау білдіріп, бұл бастама отандық фармацевтика саласын әртараптандыруға және еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Түркістан облысында биоқоспалар өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр
Фото: Ақорда

Селман Алимоғлы компанияның Қазақстанда өндірістік базаны кеңейтумен ғана шектелмей, ғылыми-зерттеу және инновация бағыттарын да дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Бүгінгі таңда Orzax Group биологиялық белсенді қоспалардың 150 түрін өндіріп, әлемнің 60 еліне экспорттайды. Қазақстандағы өндіріс жобасына компания 40 миллион доллар инвестиция құйып, 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Tiryaki Holding компаниясының атқарушы директоры Сүлеймен Тирьякиоғлыны қабылдады.

Соңғы жаңалықтар