Түркістан облысында білім бөлімінің басшылары 29 млн теңге жымқырған
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 6 жылда әлеуметтік қамсыздандыру саласында 574 қылмыс тіркеліп, 141 адам сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді.

Дерекке қарағанда, Түркістан қалалық соты Сауран ауданының білім бөлімінің басшылары А.Батырбековаға, Т.Шегенбаевқа, бухгалтерлер Б.Жанәлі мен А.Парменовқа қатысты үкім шығарды. Олар білім беру саласында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы ретінде аудару арқылы 29 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Батырбекова мен Шегенбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылса, Жанәлі мен Парменовтың сол мерзімге бас бостандығын шектеді.
- Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Шымкент қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті» РММ бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Д.Бегалаеваға және «№12 қалалық емхана» ШЖҚ МКК медбикесі Г.Ирбаеваға қатысты үкім шығарды.
Бегалаева бірнеше рет пара алғаны үшін, Ирбаева мүгедектік топтарын келіскені үшін мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан жалпы сомасы 500 мың теңгеге пара алуда бірнеше рет делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, - деп жазды агенттіктен.
Сот үкімімен Бегалаева мен Ирбаева тиісінше 23,3 млн теңге және 10 млн теңге көлемінде айыппұл салуға сотталды.
Сондай-ақ, Атырау қаласының №2 сотымен қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі М.Сейтқалиеваға және басқаларға қатысты үкім жарияланды. Ол жергілікті мектептердің бірінің уақытша директоры А.Қойшығұлова арқылы үш мұғалімнен «сарапшы» санатын бекіту үшін жалпы сомасы 150 мың теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен оларға 1,4 млн теңгеден 4,5 млн теңгеге дейін айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Бұдан басқа, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылады.
Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.
ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
Айта кетейік, Ақмола облысында балабақша есепшісі 9 млн теңгені жымқырғаны анықталды.