Түркістан облысында бір отбасынан жеті адам иіс тиіп уланды
ТҮРКІСТАН. KAZIFORM – Зардап шеккендерді дәрігер қарап, денсаулық жағдайлары тұрақты болған соң үйлеріне жіберді. Үй иесі әкімшілік жауапқа тартылды.
Оқиға Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Ақжар ауылы, Мәңгілік көшесінде орналасқан үйде болған.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, оқыс оқиғаға үйдегі жылыту пешінің ақауы себеп болған. Пешке тасталған заттар мен көмір түтіні үй ішіне тарап, тұрғындар уланып қалған.
Үйде жеті адам тұрып жатқан, олардың бесеуі бала. Зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетілді. Олардың жағдайы қалыпты.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін үй иесі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 410-бабы бойынша жауапқа тартылды.
– Мұндай жағдай кез келген үйде болуы мүмкін. Сол себепті жылыту маусымында пештер мен түтін жүретін құбырлардың жұмысын тұрақты түрде тексеріп тұру керек. Ақау байқалса, өз бетіңізше жөндеуге тырыспай, міндетті түрде мамандарға жүгініңіз. Үй-жайларда улы газдың бар-жоғын анықтайтын датчик болғаны жөн. Әрқайсыңыздың қауіпсіздігіңіз біз үшін маңызды. Осы оқиғадан сабақ алып, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз, – деді Түркістан облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Жасұлан Айнабек.
Еске салайық, 18 қарашада Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты үй өртеніп, оқиға орнынан 12 адамның мәйіті табылды.