Түркістан облысында бұрынғы мектеп директоры сотталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Қоғамда резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша үкім шықты.

Түркістан облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған соты бұрынғы мектеп директоры Талғат Катауовты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 122-бабы бойынша кінәлі деп таныды. Аталған бап — «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер» бойынша қылмыстық жауапкершілікті көздейді.
Сот үкіміне сәйкес, Катауов 2 жыл бес ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
— Алғашында іс Қылмыстық кодекстің 124-бабымен тергелген. Алайда сот процесі өтіп жатқан кезде прокурор 122-бабының 1-бөлігі, яғни он алты жасқа толмаған адамға сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау қылмысы бойынша айып тақты және осы бапқа сай сотталды. Сотталушының әрекеттерінде жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайлар анықталмады. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — деді облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Заманбек Исмаилов.
Талғат Катауов — Батыс Қазақстан облысындағы бір мектептің бұрынғы директоры болғаны белгілі.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шерзат ісі бойынша апелляциялық сот қашан өтетіндігін жазған болатынбыз.