Түркістан облысында дәрілік өсімдік қазған шетелдіктер ұсталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында дәрілік өсімдік «кеурек» жинап жүрген шетел азаматтары анықталды. Заңсыз әрекеттер Арыс қаласына қарасты Монтайтас және Қожатоғай ауылдық округтерінің далалы аймақтарында тіркелді.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Табиғат қорғау прокуратурасы, облыстық полиция және Арыс қалалық әкімдігі мамандарынан құралған жұмыс тобы арнайы рейд ұйымдастырған.
Тексеру барысында шекараны заңсыз кесіп өткен үш шетелдік шатыр тігіп, қазан-ошақ дайындап, кеурек өсімдігін қазуға толық дайындалғаны белгілі болды.
- Бұл әрекеттер заңсыз болып табылады. Жайылымдық жердің иесіне қатысты тиісті акт толтырылса, шетел азаматтары Арыс аудандық полиция бөліміне тапсырылды. Олар заң шеңберінде жауапқа тартылады, - делінген Түркістан облысы әкімдігінің ақпаратында.
Арыс қалалық Жер қатынастары бөлімі жайылымдық алқаптарды заңсыз қазу немесе бүлдіру заңмен қатаң жазаланатынын ескертеді. Ал, әкімдік өкілдері бұл бағыттағы бақылау мен рейдтік шаралар жалғасатынын хабарлады.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында қуаңшылық салдарынан егістік күйіп, мал азығы қымбаттағанын жазған болатынбыз.