Түркістан облысында дәрілік шөп жинаумен айналысқан 100-ден астам шетелдік анықталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Шетелдіктердің басым бөлігі елден шығарылса, бес қазақстандық азамат шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану фактісі бойынша жауапкершілікке тартылды.
Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері биылғы жылдың алғашқы айларында Арыс, Отырар және Сарыағаш аудандарында дәрілік қасиеті бар «кеурек» шөптерін заңсыз жинаған 116 шетелдік азаматты анықтап, тиісті шаралар қабылдады.
Мәселен, Арыс ауданындағы Қожатоғай және Монтайтас ауылдық округтерінде «кеурек» жинаумен айналысқан 68 шетелдік азамат ұсталса, сот шешімімен олардың 54-і елден шығарылып, 14-іне айыппұл салынды. Тамыз айында өткізілген рейд барысында тағы 14 шетелдік заңсыз әрекетпен ұсталып, олардың ісі аудандық сотқа жолданды.
– Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтарды анықтаумен бірге, жергілікті тұрғындарға Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау және заңсыз әрекеттердің алдын алу бағытындағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, - делінген Түркістан облысы полиця департаменті таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкенттегі «полковник сарайы» туралы фейк қылмыстық іске ұласқанын жазған болатынбыз.