Түркістан облысында ер адам жұбайын өлтіріп, артынша өзіне қол жұмсады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Қайғылы жағдайдан кәмелетке толмаған төрт бала жетім қалды.

Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында отбасылық жанжал адам өлімімен аяқталды. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сүйенсек, 14 жыл некеде тұрған ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдан кейін күйеуі әйелін аяусыз соққыға жығып, оның өмірін қиған. Артынша өзі асылып қалған. Қайғылы жағдайдан кәмелетке толмаған төрт бала жетім қалды. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
- Алдын ала мәлімет бойынша, жергілікті тұрғын үй жағдайында жұбайына дене жарақатын салған. Салдарынан ол қайтыс болған. Осы оқиғадан соң ер адам қылмыстың себептерін сипаттайтын аудиожазба қалдырып, өзін-өзі өлтірген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылып жатыр, - делінген Түркістан облысы Полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Полиция департаменті тергеу барысы басшылықтың қатаң бақылауында екенін мәлімдеді. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте 9-сынып оқушысының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.