Түркістан облысында ерекше балаларға сабақ өтпей, мұғалімдерге жалақы төленгені анықталды

ТҮРКІСТАН.KAZINFORM — Түркістан облысында 23 мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар 64 балаға үйде сабақтың іс жүзінде өткізілмегені, алайда мұғалімдерге еңбекақының төленіп отырғаны анықталды. 

жалақы
Фото: Kazinform

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының прокуратурасы инклюзивті білім беру саласында Еңбек және Бюджет кодекстерінің сақталуына талдау жүргізді.

— Талдау нәтижесінде: аудандағы 23 мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар 64 балаға үйде сабақтың іс жүзінде өткізілмегені, алайда мұғалімдерге еңбекақының төленіп отырғаны анықталды.

«D.MED» жүйесі арқылы бұл балалардың еліміздің әр өңіріндегі ауруханаларда ұзақ уақыт бойы ем қабылдағаны және үй жағдайында білім алу мүмкіндіктерінің болмағаны белгілі болды, — делінген Түркістан облысының прокуратурасы хабарламасында. 

Соған қарамастан, мұғалімдерге сабақ өткізгені үшін төлемдер жасалған.

Мысалы, №16 мектептің бір оқушысы жыл бойы емдеуде болғанына қарамастан, мұғалімдер оны «оқытқаны» үшін 319 101 теңге алған.

Жалпы заңсыз төлем көлемі 4 255 997 теңге.

Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде бұл қаражат бюджетке қайтарылып, білім беру саласының 311 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

Айта кетелік Оралда жүргізушілік құқығынан айырылса да, рульге отырған мұғалімге айыппұл салынған еді

Соңғы жаңалықтар