Түркістан облысында ғасыр жасаған қарияларға құрмет көрсетілді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Жаңа жыл мерекесіне орай облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ғасыр жасаған қариялардың үйлерін арнайы аралап, мерекемен құттықтады.

Түркістан облысында ғасыр жасаған қарияларға құрмет көрсетілді
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Ертай Алтаев Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылындағы Ұлы Отан соғысының ардагері, 100 жастағы Закир Мұсаевтың шаңырағында болды. Облыс әкімінің құттықтау хатын табыстап, әкімдік атынан ат мінгізді.

Закир Мұсаев 1925 жылы 1 қаңтарда Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болды. 9 жасында жетім қалған ол анасы мен қарындасымен бірге көптеген қиындықтарды бастан өткерді. 1943 жылы өз еркімен соғысқа аттанды. Ал, соғыс аяқталғаннан кейін Германияның Дрезден қаласында күзетші болып қызмет атқарды. 1950 жылы әскерден оралған соң ауылда еңбек жолын жалғастырды. 35 жыл бойы есепші болып еңбек етті. Отбасында 4 қыз, 1 ұлды тәрбиелеп, өсірді.

Қазыналы қария арнайы құттықтап келген Ертай Алтаевқа ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Сондай-ақ облысты дамыту бағытындағы бастамаларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Облыс әкімінің орынбасары Ескі Иқан ауылының тұрғыны, 102 жастағы Хапиза Эрметованың үйіне барды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялаған болатын. Осы ретте Ертай Алтаев еңбек адамына құрмет көрсетті.

Батыр ананы қос мереке — туған күні және Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, мерекелік сыйлық табыс етті. Ақ жаулықты ана облыс әкімінің орынбасарына алғысын айтып, ақ батасын берді. Елдің тыныштығын тілеп, ризашылығын білдірді.

Түркістан облысында ғасыр жасаған қарияларға құрмет көрсетілді
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Хапиза Эрметова 1923 жылы 1 қаңтарда Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ақтөбе елді мекенінде дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен Хапиза апа сол қиын кезеңде ел үшін үлкен еңбек сіңірді. Соғыс аяқталғаннан кейін, 1953 жылы Ескі Иқан ауылына қоныс аударып, отбасымен бақытты өмір сүріп, 8 баланы тәрбиелеп өсірді. Еңбек ардагері 39 немере, 8 шөбере сүйіп отыр.

Еске салсақ, бұдан бұрын Түркістанда 74 жастағы қария 45 келілік бөренені көтеріп, дүйім жұртты таңғалдырғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар