Түркістан облысында интернет-алаяқтыққа қатысы бар үш қылмыстық топ ұсталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Жәбірленушілерге 269 миллион теңге қайтарылды.

интернет алаяқтық
Фото: Midjourney

Түркістан облыстық Полиция департаменті жанынан құрылған киберқылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтыққа қатысты 113 қылмыстық істі сотқа жолдады. Тергеу барысында үш қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, олардың 38 эпизод бойынша қылмыс жасағаны анықталды. Нәтижесінде жәбірленушілерге 269 миллион теңге көлеміндегі шығын өтелді.

Сонымен қатар 200-ден астам қылмысқа қатысы бар, 13 күдіктіден құралған ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Кибернадзор» жүйесі арқылы өңір аумағында 2000-ға жуық заңсыз контент бұғатталды.

Түркістан облысының Полиция департаменті мен облыс прокуратурасының бастамасымен өткен «кибералаяқтық: алдын алу, қорғау, жауапкершілік» тақырыбындағы форумда алаяқтармен күрес барысы талқыланды.

Іс-шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов және облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев өңірдегі алаяқтық қылмыстардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Форум аясында сала мамандары көпшілікке алаяқтардың арбауына түсіп қалмаудың жолдарын түсіндіріп, нақты әдіс-тәсілдермен бөлісті.

Айта кетейік, бұдан бұрын полиция кең тараған бес киберқылмыс түрін атағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар