Түркістан облысында интернет-алаяқтықпен күрес қарқынды жүріп жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Елімізде соңғы жылдары интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстардың саны күрт өскен. Осы орайда Түркістан облыстық полиция департаменті тарапынан арнайы «CyberPol» тобы құрылды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Ермек Шәкім мәлімдеді.

Полиция департаменті интернет-алаяқтық қылмыстарын ашу және алдын алуға бағытталған бірқатар іс-шараларды жүргізіп келеді. Атап айтар болсақ, биылғы жылдың ақпан айында «ақша қаражаттарыңызды көбейтіп беремін» немесе «инвестиция жасау арқылы ақшаларыңызды еселеп аласыздар» деп жәбірленушілердің сеніміне кіру арқылы жалпы 160 млн. теңге шығын келтірген 24 жастағы ер адамды қамауға алды. Қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолданды.
Сондай-ақ, 12 және 14 қараша күндері аралығында Республика көлемінде «Анти-Фрод» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған жедел профилактикалық іс-шара барысында жәбірленушілердің ақша қаражаттарын көбейтіп беремін деп сенімдеріне кіріп, жәбірленушілердің атынан жасырын түрде онлайн несие рәсімдеу арқылы алаяқтық қылмысын жасаған 34 жастағы ер адам анықталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда оған қатысты тергеу жалғасуда. Күдікті азаматтың іс-әрекеттерінен жәбірленушілерге жалпы 337 млн. теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.
Сонымен қатар, полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерде жиһаз жасап жеткізіп беру бойынша жалған парақшалар ашып, жәбірленушілердің сеніміне кіріп ақша қаражаттарын иемденіп отырған 23 жастағы ер адамды Алматы қаласынан құрықтап, Түркістанға жеткізді. Қазіргі таңда оған қатысты облыс көлемінде жалпы 4 қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жүріп жатыр.
«Қазіргі заманның індетіне айналған интернет-алаяқтық қылмыстары халқымызға елеулі зиян келтіріп жатқандығы барлығымызға белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару қажеттігін айтып көрсеткен болатын. Осы бағытта интернет-алаяқтық қылмыстарына тосқауыл қою мақсатында жүйелі іс-шаралар жүргізіліп жатыр», - деді Ермек Ералыұлы.
Статистикаға сәйкес, 2024 жылдың 10 айының қорытындысымен облыс көлемінде интернет-алаяқтық бойынша 454 іс тіркелсе, оның 196 – сы сотқа жолданған. Аталған саладағы қылмыстардың ашылу пайызы – 44,5 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, биыл 1 қарашадан бастап ІІМ-де интернет-алаяқтықпен күресті тиімді жүргізу мақсатында киберқылмысқа қарсы күрес департаменті құрылды.
«Алдағы уақытта біздің өңірде осындай дербес басқарманы ашу бойынша жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, арнайы мақсаттағы топтың әлеуметтік желілерде парақшалары ашылды. Бұдан былай алаяқтардың құрбанына айналған азаматтар әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға анонимді түрде өз арыз-тілектерін жолдай алатын болады.Сондай-ақ, интернет-алаяқтық қылмыстарына қарсы күресті оңтайландыру мақсатында өткен жылы департамент базасында тұратын «CyberPol» соққы-нысаналы тобы құрылды. «Cyberpol» соққы-нысаналы тобының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы жұмыс орны, тиісті компьютерлік техника, ақпараттық мамандандырылған бағдарламалармен және қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілді» - деді- спикер .
Ермек Ералыұлы интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алудың басты шешімдерінің бірі – ол профилактикалық іс-шаралар екенін атап өтті. Сондықтан «Cyberpol» қызметкерлерінің бастамасымен халық арасындағы үлкен назарға ие тұлғалар, яғни блогер және актерлардың қатысуымен ескертпе бейне-роликтері жарыққа шығып жатыр. Халық көп шоғырланатын орындарда, сауда-орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, кинотеатрларда және базарларда ескертпе-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Сонымен қатар қазіргі заман талабына сай әлеуметтік желілері арқылы да профилактикалық іс-шаралар жоғары деңгейде өткізілуде.
«Түркістан-БТО» ЖШС-мен коммуналдық қызметтер түбіршегіне «Абайлаңыз-алаяқтар» тақырыбында «Ескертпе-материалдары» енгізіліп қала тұрғындарына таратылды. Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша діни басқармамен – әр аптаның жұма күндері мешіт және медреселерде, ал мәдениет және туризм басқармасымен – әрбір спорт және мәдени іс-шаралардың барысында «Интернет-алаяқтарынан сақ болыңыздар» тақырыбында ескертпе шараларын өткізу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар, «Cyberpol» соққы-нысаналы тобының қызметкерлерімен интернет-алаяқтық қылмыстарын алдын алу мақсатында Түркістан облысы аумағында орналасқан жоғарғы оқыту орындарында мұғалімдерімен студенттерге ауқымды жиналыс өткізілуде. Әлеуметтік желілерде интернет-алаяқтық қылмыстарын қарсы күресті кеңінен насихаттау мақсатында «cyber_polisia_turkistan» аккаунты құрылып профилактикалық фото-бейнероликтер жариялануда» - деді Ермек Ералыұлы.
Биылғы сәуір және тамыз айларында Түркістан облысы полиция департаментіне қарасты криминалдық полиция басқармасымен 20 000 дана таратпалы және 6 000 жабыстырмалы ақпараттық парақша әзірленіп, халық арасында таратылды.
Облыс көлеміндегі ЛЭД-экрандармен билбордтарға интернет-алаяқтық қылмыстарының жаңа түрлері бойынша бейнероликтермен ақпараттық парақшалар тұрақты түрде жариялануда.
«Түркістан облысында орналасқан ірі сауда орталықтары мен базарларда аудио және бейне ескертпе роликтары тұрақты түрде жарияланып келеді. Сонымен қатар, Түркістан қаласында орналасқан кинотеатрларда департаментпен әзірленген интернет-алаяқтық қылмыстарын алдын-алу бойыша бейнероликтер көрсетілуде. Аталған бағытта «Cyberpol» қызметкерлерімен интернет-алаяқтық қылмыстарын алдын алу мақсатында әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізілуде», - деді спикер.
Сонымен қатар, Ермек Ералыұлы алаяқтарға алданып қалмау керектігін ескертіп, кеңес берді.
«Қазіргі уақытта интернет-алаяқтық қылмыстарының түрі мен тәсілдері күннен күнге өсіп жаңарып келеді. Сол себепті әрбір шалынған қоңырауларға мұқият болуларыңызды және күдік келтіретін хабарлама мен жарнамаларға, ұсыныстарға сенбеуге кеңес беріп дереу полицияға хабарласуды сұранамыз. Сонымен қатар, естеріңізде болсын банк қызметкерлері, полиция және ұялы телефон операторлары ешқашан өздері хабарласып, Сіздің жеке есепшот деректері мен ұялы телефоныңызға келген құпия код цифрларын сұрамайды», - деді Ермек Шәкім.