Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 14,5%-ға төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM — Өңірде кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны да 5,4%-ға азайған, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Түркістан облысы полиция департаментінде ведомство басшысы Арыстанғани Заппаровтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және адам өлтіруге жол бермеу бағытындағы профилактикалық жұмыстардың нәтижелері талқыланды.
Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Бегімхан Ахметовтің мәліметінше, осы жылдың жеті айында облыста кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 14,5%-ға төмендеген.
— Атап айтқанда, қылмыстар саны 83-тен 71-ге азайған. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны да 5,4%-ға төмендеді. Жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғынжайдан тыс жүруінің алдын алу мақсатында полиция тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді. Нәтижесінде заң талаптарын бұзған 6 683 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді Ахметов.
Аппараттық кеңесте отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстардың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жыл басынан бері аталған салада адам өлтіру немесе адам өлтіруге оқталу фактілерінің тіркелмегені оң нәтиже ретінде атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша облыстың бас полицейі Арыстанғани Заппаровтың жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғаларды ерте анықтау, жанжалға бейім отбасылармен профилактикалық жұмысты күшейту, заңсыз қару айналымының жолын кесу және қоғамдық орындардағы рейдтік іс-шараларды жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Полиция департаменті қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғастырады.
Бұған дейін Түркістан облысында қаруды сақтау талабын бұзған 700-ге жуық азамат жауапқа тартылғанын жазғанбыз.