Түркістан облысында қаржылық пирамида құрғандар сотталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Қаржылық пирамида ұйымдастырушылар жәбірленушілерге 391 млн теңге шығын келтірген.

Атырауда қаржы пирамидасын құрған екі адам 6 жылға сотталды
Фото: gov.kz

Түркістан облысында қаржылық пирамидаларға қарсы күрес бағытындағы кезекті сот үкімі шықты. Бұл жолы Төлеби аудандық соты 20 айыпталушыға қатысты қылмыстық істі қарады. 

Сот материалдарына сәйкес, күдіктілердің үшеуі «Chia Tai Tianging Pharmaceutical Group» атты қаржылық пирамиданың құрылымдық бөлімшесін басқарған. Ал қалған 17 адам пирамиданы жарнамалап, жаңа қатысушыларды тартумен айналысқан. 2022-2023 жылдары олар «дәрілік препаратты әзірлеуге арналған қаражат» деген желеумен азаматтарды алдап, 279 жәбірленушіге жалпы көлемі 391 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

Сот үкімімен басты ұйымдастырушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның екі сыбайласы 5 жыл 6 айға сотталды. Ал 17 қатысушыға 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сотталушылардың жаза мерзімін жеңілдететін жағдайлар да ескерілді. Олардың арасында денсаулық жағдайы, отбасылық ауыртпалығы және кәмелетке толмаған балаларының болуы назарға алынған. Дегенмен, ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Аталған үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте оқушыны ұрған мұғалім қамауға алынғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар