Түркістан облысында қатты желден 2 мыңнан аса абонент жарықсыз қалды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — 9 ақпанда Түркістан облысы Созақ ауданы аумағында қатты екпінді жел мен жауын-шашын салдарынан бірнеше елді мекенде жарық сөніп қалды.
Атап айтқанда, Шолаққорған, Абай, Балдысу, Қарабұлақ, Сызған, Қарақұр және Жыныс елді мекендерінде электрмен жабдықтау тоқтатылып, жалпы 2034 абонент жарықсыз қалған.
«Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің хабарлауынша, мамандар қазіргі таңда электр желілеріндегі ақауларды анықтап, кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Апаттық жағдайларды жою үшін авариялық қызметтердің жедел бригадалары жұмыс істеп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарына 60 маман және 16 техника тартылған. Жұмыстар электр энергиясы толық берілгенге дейін үздіксіз жалғасады. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, — деді орталық диспетчерлік қызметінің бас маманы Дулат Есенбеков.
Созақ ауданы әкімдігінің мәліметінше, жедел жүргізілген жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде Шолаққорған ауылында электр энергиясының берілуі толық қалпына келтірілді. Қазіргі таңда бұл елді мекенде 1567 абонент қайтадан электр қуатымен қамтылған. Қалған елді мекендерде жұмыстар жалғасып жатыр.
Бұдан бұрын Түркістан облысында қыс ортасында 170-тен астам үй газсыз қалғанын жазған едік.