Түркістан облысында қыс ортасында 170-тен астам үй газсыз қалды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – «Газель» автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, газ тарату желілерінде апатқа себеп болды. Оқиға салдарынан 174 жеке тұрғын үй газсыз қалды. Қазіргі уақытта апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Апат бүгін Сарыағаш қаласында болды. Мамандардың мәліметінше, автокөлік орта қысымды газ құбырына зақым келтіріп, соның салдарынан тұрғын үй секторында газ беру шұғыл түрде тоқтатылған.
Соққы әсерінен дәнекерленген құбыр толық ажырап кеткен. Сонымен қатар төрт тірек майысып, шамамен 10 метр газ құбыры зақымданған.
– Келтірілген зақым тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, 174 жеке тұрғын үйді газбен қамтудан мәжбүрлі түрде ажыратуға әкелді, – деп хабарлады «QazaqGaz Aimaq» АҚ.
Компания өкілдері 50 метр радиустағы аумақ толық тексерілгенін, газдың ағуы анықталмағанын нақтылады.
Оқиға орнында апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Газ беруді қалпына келтіру мерзімі жөндеу жұмыстары мен бақылау тексерістері аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Компаниядағылар мұндай оқиғалардың тікелей адам факторымен байланысты екенін атап өтті.
– Жүргізушілердің қауіпсіздік ережелерін елемеуі өмірлік маңызы бар инфрақұрылым нысандарында апатқа әкеліп, халықты тұрақты газбен қамтуға кедергі келтіреді, – деп мәлімдеді «QazaqGaz Aimaq» АҚ өкілдері.
Жағдайды ауа райының қолайсыздығы да қиындатып отыр. Қаңтар айындағы қалыптан тыс жылымықтан кейін Түркістан облысында аяз, қар және екпінді жел басталды. Бұл ретте өңірдегі жеке сектор тұрғындарының басым бөлігі үйлерін газбен жылытады.
Бұдан бұрын Алматыда жол апаты салдарынан ондаған үй газсыз отырғанын жазған едік.