Түркістан облысында көкпаршылар дауыс берді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Ұлттық спортты жанына серік етіп жүрген жігіттер елімізде өтіп жатқан саяси науқанға белсенді қатысты.

Саптама етік киіп, тобылғы қамшы ұстаған көкпаршылар Байылдыр ауылында орналасқан №48 референдум учаскесіне жылқы мініп келді. Өз таңдауларын жасаған соң, көпшілікті референдумға белсене қатысуға шақырды.
«Бүгінгі күн біз үшін жауапты күн болды. Сондықтан көкпаршылар жиналып, бірге барып дауыс беруді жөн көрдік. Жалпы саяси науқанға әркім жауапкершілікпен қарап, ел ертеңі үшін дауыс беруі қажет деп есептеймін», – дейді Данияр Алдаберген.
Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында орналасқан референдум учаскесінде де көкпаршылар өз таңдауын жасады.
«Біз бүгін референдумға бірінші рет қатысып отырмыз. Дауыс беру учаскесіне ат мініп келудегі себебіміз – көкпаршылар да ел болашағына бей-жай қарамайтындығын көрсеткіміз келді» – дейді Диас Қалдыбай.
Мақтаарал ауданында да көкпаршылар референдум учаскесіне топ-топ болып келіп дауыс берді.
Осыған дейін референдумда қарағандылық байкерлердің дауыс бергенін жаздық.