Түркістан облысында көші-қон заңнамасын бұзудың 630 дерегі тіркелді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында заңсыз жүрген 583 шетелдік анықталып, тіркеуде жоқ 7 атыс қаруы тәркіленді.
Өңірде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 15 тәулік ішінде тәртіп сақшылары 16 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, тексерген.
– Іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 630 дерегі анықталды. Ел аумағында заңсыз жүрген 583 шетелдік есепке алынды. Олардың 303-ін сот шешімімен елден шығару үшін тиісті құжаттар рәсімделді, – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар азаматтық қару иелеріне тексеру жүргізіліп, қаруды сақтау және тіркеу талаптарын сақтауына бақылау жүргізілді. Нәтижесінде тіркелмеген 7 атыс қаруы тәркіленді.
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне де назар аударылды. Тексеру барысында ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүрген 261 жасөспірім анықталды.
Бұған дейін интернет-алаяқтыққа қатысы бар Қытайдың 13 азаматы елден шығарылғанын хабарлаған едік.